Қазіргі заманда күнімізді смартфонсыз елестету қиын. Тіпті замандастарымыз үшін ең үлкен мәселе - қуаты таусылған телефондар мен істен шыққан құлаққаптар  секілді. "Өміріміздің ажырамас бөлшегіне" айналған бұл  гаджеттерді өндіруші компаниялар күн өткен сайын табысын ұлғайтып, ең бай империялардың негізін қалап жатыр.

Енді кез-келген адам қолданатын бұл смартфондардың көпшілік  біле бермейтін  біраз сырлары мен бәрі бірдей жасайтын қателіктеріне тоқталсақ. 

 1. Сіз ешқашан телфоныңызды арнайы өшіріп қоймайсыз. 

Телефонды аптасына бір рет өшіріп қою керектігін көпшілік біле бермейді. Мамандардың айтуынша бұл профилактикалық процесс аккумулятордың ұзақ уақыт жұмыс істеуіне көмектеседі екен. Айта кетсек, телефондарды оятқыш ретінде пайдалану да қуат көзінің шығынына алып келеді, одан да қарапайым сағатты пайдаланғаныңыз жөн.

2. Сіз әрдайым Wi-Fi мен Bluetooth-ды қосып қоясыз.

Қажет емес, қолданбайтын функцияларды өшіріп қойған жөн. Артық қуат көзін шығындаудың тиімсіз екендігін өзіңіз де білесіз.

3. Ауа-райының қандай болғанына қарамастан телефонды жиі пайдаланасыз. 

Жалпы кез-келген смартфон экстремалды ауа-райына шыдамды етіп жасалмаған. Тым суық немесе қатты ыстық ауа райында телефон аккумуляторының  қызметі бұзылады. Мамандардың айтынша, -20 градус пен +30 градус Целсий аралығындағы атмосфера - қалыпты деңгей болып табылады. Сол себепті де қыстың қақаған аязында телефоныңызды қалтадан шығармай-ақ қойғаныңыз абзал, әсіресе Астанада.

4. Түнімен қуат көзінде қалдырасыз. 

Мамандар телефонды 100 пайызға толық қуаттау да зиян екендігін жеткізіп отыр. 95-96 пайыз болғанда сенімді түрде смартфоныңызды қуат көзінен ажыратыңыз. Соған сәйкес, түнімен қуат көзіне - қою үлкен қателік.

5. Қуат көзін 0 пайыз қылып барып, 100 пайызға бірден қуаттайсыз.

Соңғы кезде көп пайдаланылатын литий-ионды аккумуляторлар 50-80 пайыз кезінде қуат көзіне қосқанда жақсы жұмыс жасайды. Бұл жайлы телефондарға қажетті заттарды, аккумуляторлар мен қуаттағыштарды өндіретін Farbe Technik компаниясының негізін қалаушы Шейн Броескидің өзі айтқан болатын.

6. Арзан қуаттағыштарды көп пайдаланасыз.

Көбіне Apple фирмасының IPhone смартфондарының қуаттағыштары тез үзіліп қалып жатады. Ал сапалысы тым қымбат тұрғандықтан, көбіне арзанын алғанды жөн көреміз. Бұл аккумуляторды құртатын ең басты фоктор екендігін есіңізге саламыз.

7. Телефондарыңызды жиі тазаламайсыздар.

Ия, ия, қолдағы телефондарды жиі тазалап тұру қажет. Гаджетіңіздің экраны қарапайым қол жуғышқа қарағанда көп мөлшерде микробтар мен бактерияларды жинайды. Сол себепті жеке бас гигиенасын сақтау мақсатында қарапайым спирттелген мақта немесе арнайы тазалағыш заттармен телефоныңызды жиі сүртіп тұрыңыз. Қуаттағыш қосылатын жерге қоқыстар тұрып қалып, телефонның  істен шығуы да  ғажап емес.

8. Барлық бағдарламаларға геолокация қызметін қолдануға рұқсат бересіз. 

Егер телефоныңыз қуатын тез жоғалтатын болса - соның тағы бір себебі де осы. Геолокация да Wi-Fi секілді қуат көзін көп қажет етеді. Сондықтан да тек аса қажет бағдарламаларға геолокацияны қолданыңыз.

 

Міне, осы кеңестерді пайдалана отырып, қуат көзін қалай ұзаққа жеткізуге болады және смартфондардың аккумуляторлары ұзақ қызмет етуі үшін не істеу керек деген сұрақтарға бас ауыртпасаңыз да болады. 
“The Qazaq Times”