Оспан батыр – 120 жыл. Ұлтазаттық көтерілісінің жетекшісі Оспан батыр Сіләмұлының 120 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтілде. Осы аптада батырды еске алу шаралары Түркияда жалғасын тапты.
Стамбул қаласындағы Мимар Синан Университетінде 25 сәуір күні Оспан батырға арналған халықаралық конференция өтіп, батыр есімі ұлықталды. Оспан батырды еске алуға арналған шара аталған университеттің Тарих факультетінің қолдауымен, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қараның ұйымдастыруымен өткен. Конференцияға Қазақстан мен Түркия және Еуропаның әр елінен келген тарихшы, жазушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, дипломаттар және Түркия мен Еуропада тұратын қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Конференцияда Қазақстанның Түркиядағы бұрынғы өкілетті елшісі, саясаткер Балташ Тұрсынбаев, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, т.ғ.д. Әбдіуақап Қара, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия, жазушы Жәди Шәкенұлы, белгілі дәрігер, ақын-композитор Толқын Ақан, сондай-ақ, Оспан батыр және Түркия қазақтары туралы алғаш докторлық диссертация қорғаған ғылым докторлары Досжан Тоқтар Өмірқұл мен Текин Тунжар қатарлы қатысушылар сөз тізгінін ұстап, Оспан батырға арналған жиынның мазмұнын кеңейтті.
Сонымен бірге, алқалы жиында Алтайдан Анадолыға жеткен көштің куәгері Дәлелхан Жаналтай естеліктерінің түрік тіліндегі жаңа кітабының тұсауы кесіліп, жиын қонақтарына ұсынылды. Ақын Толқын Ақанұлы "Оспанның арманын арқалап қиналып жүрген ұрпақтарына ие болған Түркі халқына рахмет ретінде "Түркі елім" атты жырын оқыды.
;feature=youtu.beОспан батыр Сіләмұлы – қазақ ұлтазаттық көтерілісінің өткен ғасырдағы көрнекті жетекшілерінің бір һәм бірегейі. Ол Алтайдағы ұлтазаттық көтерілісіне жетекшілік ете отырып, екі бірдей қызыл империяға, Гомин үкіметіне және Кеңес одағы тарабынан құрылған қуыршақ үкімет ШТР-ға қарсы күрес жасаған ұлт қаһарманы. Биыл Оспан батырдың дүниеге келгеніне 120 жыл толуына орай, «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры бас болып, өзге де қоғамдық ұйымдардың ат салысуымен жыл бойы мерекелік шаралар өткізілмек.