Алматы әуежайының экс-президенті Айбол Бекмұхамбетовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
«Алматы әуежайының экс-президенті, бұрынғы мәслихат депутаты Айбол Бекмұхамбетовтың үстінен «сеніп тапсырған мүлікті заңсыз иемденді, талан-таражға түсірді» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды» - делінген Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Бекмұхамбетов 2019 жылдың 6 сәуірінде сот шешімі бойынша үй қамағына алынған. Бірақ ол сәуір айының 15-і күні Алматы қалалық сотына шағым түсіріп, кепілдік арқылы босатылған. Сот шешімі бойынша кепілдік көлемі 3500 АЕК (8 837 500 теңгені) құраған. Қазіргі таңда Бекмұхамбетовтың үстінен ҚР ҚК 189 бабының 4 тармағы (Сеніп тапсырған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша қылымстық іс қозғалған.
2018 жылдың маусым айының 11-і күні «Алматы халықаралық әуежайының» директорлар кеңесі Айбол Бекмұхамбетовты мерзімінен бұрын қызметінен босату жөнінде шешім қабылдаған. Тамыз айында оның мәслихат депутаттығынан өз еркімен кеткендігі белгілі болды. Кейіннен Бекмұхамбетовтың бұндай шешім қабылдауына «өзге қалаға қоныс аударуы себеп болды» деген ақпарат тараған.
1962 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген Айбол Бекмұхамбетов «Алматы халықаралық әуежайын» 2009 жылдан бері басқарып келген. Ол оған дейін Ақтөбе, Атырау, Астана қалаларының әуежайларын басқарған.