Соңғы күндері АҚШ пен Иран бір-бірінің ресми әскери күштерін террорлық ұйым ретінде жариялап, Уашингтон мен Теһран (Тегеран) ара қатынасының қайшылығын өршітіп жіберді. Ең әуелі Құрама Штаттар президенті Трамп Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын террорлық ұйым ретінде жария етті. Бұған жауап ретінде Иран тарабы АҚШ-тың Батыс Азиядағы барлық әскери күштерін террорлық топ ретінде атады.
Ресми әскери күштердің террорлық топ ретінде аталуы тарихта көп бола бермейді. Пентагон ресми мәлімдеме жасап, Иранның АҚШ әскери күштеріне қарсы шешімі қоқан-лоқы қатарында саналмайтынын айтты. Әрине, Иранның қарымта жауабына Пентагон тарабы үрейленбеген күннің өзінде, алаңдататыны сөзсіз. Себебі, БҰҰ мүшесі ретінде бұл екі ел аталған «террорлық ұйымдарға» соққы беруге міндетті болмақ. Иран мен АҚШ арасындағы бұл қайшылық өңірлік қауіпсіздікке де жаңа қатер алып келуі мүмкін.
Орта және Таяу-Шығыста АҚШ-тың бірнеше он мыңнан әскері және 20-дан астам маңызды әскери базалары бар. Иран ресми түрде террорлық ұйым ретінде таныған бұл әскери күштер Иран қарулы күштерінің терроризмге қарсы күресті желеу еткен шабуылдарына тап болуы мүмкін. Әрине, АҚШ тарабынан Иранның Сақшылар корпусы да дәл осындай нысанаға ілінеді. Бұл онсызда соғыс өрті өшпеген Орта Шығыста қарулы қақтығыстардың жилігін арттырмақ.
Иран мен АҚШ үкіметтері талай мәрте бір-бірін терроризмнің қолдаушысы ретінде айыптаған. Әсіресе, Ауғанстан, Ирак, Сүрия жеріндегі дағдарыстарда АҚШ Иранды астыртын әрекеттер арқылы сепаратисттерді желіктірді деп айыптаса, Иран да АҚШ-ты осыған ұқсас жазғырады. Бұл өңірлік тұрақсыздықтың басты себептерінің бірі ретінде ғаламдық бейбітшілікке орасан зор зиян келтіріп отыр.