Бір күн бұрын АҚШ президенті жасаған мәлімдемеде, Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын халықаралық террорлық ұйым ретінде танылды. Бұл АҚШ-тың алғаш рет басқа мемлекеттердің ресми әскери күштерін террорлық ұйым ретінде жариялауы. Құрама Штат үкіметі Ислам революциясы сақшылар корпусын халықаралық терроризмді дамытуға қолдаушы болып келеді деп қарайды.

Ислам революциясы сақшылар корпусы 1979 жылы шах тақтан құлағаннан кейін құрылған. Негізгі мақсаты ИИР режимін қорғау және Иранның қарулы күштерімен бірге елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәліметтерге қарағанда, аталған ұйымның 150 мың мүшесі бар. Бұл корпустың өзіне тән әуе, құрлық және теңіз күштері бар. Барлау және арнайы қызметке де ие.  

АҚШ-тың кезекті шешіміне қарсы Иран да үнсіз қалған жоқ. Теһран (Тегеран) билігі АҚШ-тың Таяу-Шығыстағы әскери контингентін террорлық ұйым қатарында танитынын жариялады. Бұған дейін Құрама Штаттардың санкциясы тек Ислам революциясы сақшылар корпусына қатысты жеке тұлғаларға ғана қаратылып келген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иранға қарсы санкциялардың жалғаса беретінін айтты. Ол және өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ирандағы бостандық аңсаған азаматтарға қолдау көрсету керек екенін де айтқан.

Теһран мен Уашингтон арасы Трамптың ядролық келісімнен шығып кетуінен кейін ала тайдай бүлінген. Аталған Иран ядролық келісіміне («Ортақ қадам келісімі»  деп те аталады) 2015 жылы маусымда қол қойылып, 2016 жылы қаңтардан бастап атқарылған. Трамп 2018 жылы мамыр айында бұл келісімнен шығып кетті. Келісімнен шығысымен АҚШ Иранға бағытталған санкцияларды қалпына келтіріп, Иранның ядролық бағдарламаға қатысты әрекеттеріне шектеу қойған. Ал, Иран тарабы АҚШ-тың бұл әрекеттерін халықаралық келісімді бұзу деп айыптаған. Өзінің ядролық аймақтарына БҰҰ-ның бақылаушы инспекторларын кіргізуге келіскен, алайда олар бақылау алдында ядролық аймақтың рұқсатын алу шартын қойған.

АҚШ билігі Ауғанстан, Сүрия және Ирак дағдарыстарын жауапкершілігін Иранға жауып келеді. Ислам революциясы сақшылар корпусы осы елдерге бүлікшілерді жіберіп тұрады деп айыптайды. Трамп билігі бұл ұйымды өздерінің сенімді қаржы көздері арқылы дүние жүзіне таралған террорлық топтарды қаржыландырып отырады деп қарайды.

Ең қызығы, Трамптың бұл шешімін АҚШ-тың екі партиясы теңдей қолдап жатқаны айтылады.

“The Qazaq Times”