Жақында БҰҰ тарабынан қызықты мәлімет жарияланды. Дүние халқының жасын зерттеген ғалымдар көздеулі тарихымызда алғаш рет қарттардың саны нәрестелер санынан асып түскенін айтты. Айталық, былтыр жыл соңындағы санақ бойынша 65 жастан жоғары қарттар саны әлемде 705 млн адам болса, 5 жасқа дейінгі сәбилер саны 680 млн болған.
Бұл қызықты мәлімет болғанымен, ғалымдарды алаңдатуда. Себебі бұл тенденция адамзат тағдырына, болашағына тіке қатысты. Зерттеушілердің есебіне сенсек, бұл үрдіс жалғаса беретін болса 2050 жылға барғанда қарттардың саны балалар санынан екі есеге көп болмақ. Демек, бұл адамзат қоғамының қарттануға бет алғанын көрсетіп отыр.
Адамзат қоғамының қарттануы
Адамзаттың өмір сапасының жақсаруына байланысты ұзақ өмір сүрудің орташа көрсеткіші жоғарылады, яғни, 1960 жылдары орташа жас ұзақтығы 52 жас болса, бұл күнде 72 жастан асты. Керісінше бала туу көрсеткіші азайып келеді, 2018 жылы әлем елдерінің жартысынан астамында бала туу көрсеткіші күрт азайған. Сарапшылар, ата-әжелердің саны немерелерден көп болған қоғамның түбі дағдарысқа ұшырайды деп санайды.
Осыған ұқсас Дүниежүзілік банк қолдауындағы зерттеу нәтижесі, 1960 жылдары орта есеппен бір әйел бес бала босанған болса, алпыс жылдан кейін туу көрсеткіші әлемдегі әр әйелге екі баладан тура келген.
Ұзақ жасаудың орташа көрсеткіші жоғарлауы қоғамда қарттар талабының жоғарлап, жастардың міндетінің ауырлағанын көрсетеді дейді Батыс ғалымдары. Айтпағы, денсаулық сақтау төлемдері, зейнет ақы төлемдері белсенді жұмыс жасындағы жастардың ауыртпалғын әлемдік деңгейде арттырған.
Дамыған елдерде қарттану мен халық санының азаю үрдісі бар
Бала туу көрсеткіші дамыған елдерде ең төмен. Себебі, азаматтарының өмір сүру сапасы жоғарылаған, жастар кешігіп үйленеді, сондықтан да ұзағанда бір-екі балалы болады. Халықтың қарттану деңгейі жағынан Жапония алда тұр. Себебі, жапондар әлемдегі ең ұзақ жасайтын ұлт болып саналады. Бұл елде ұзақ өмір сүрудің орташа жасы 84 жас, яғни әлемнің ортақ ұзақ жасау жасынан 12 жасқа көп. 2018 жылы қарттардың саны ел халқының 27 пайызын иелеген. Ал, бес жасқа дейінгі балалар саны әрең 3,85 пайызын ғана иелеген. Бұл соңғы жылдары Жапония үкіметін алаңдатып келе жатқан мәселе.
Тұтас әлемде қарттар мен балалар салыстырмасын тең ұстап тұру үшін әр отбасы екіден көп балалы болуы керек екен. Алайда, БҰҰ мәліметінде, бұл талапты тек әлемнің 113 мемлекеті ғана өтей алған. Әлем халық саны 2024 жылы 8 млрд адамға жетеді деген болжам бар. Соған қарамастан, кейбір елдерде халық саны тынбай азаюда. Айталық, Ресейде орта есеппен бір әйел бір ғана бала (анығырақ айтқанда 1,75) тууда. Бұл алдағы он жылда Ресей халық санының толассыз азаятынын түсіндіреді. БҰҰ мәліметінде 2050 жылы ресейліктердің саны 11 млн адамға азаяды.
Қарттанудың кері әсерлері
Ғалымдар халық санының қарттануы экономикаға тікелей әсер ететінін ескертеді. Халықаралық Валюта қоры жасаған болжамда Жапония халықтың қарттануынан алдағы 40 жылда 25 пайыз экономикасынан айырылады делінген. Әрине, дамыған ғылым-техника бұл дағдарыстың алдын алуға көмектесуі мүмкін. Бірақ, халықтың қарттануы қоғамның барлық тармағына өз әсерін тигізеді.
Соған қарамастан, саясаткерлер «Демографиялық мәселе – көп ұзамай жарылғалы тұрған бомба» деп санайды. 2015 жылы Қытай «бір ғана балалы болу» саясатын өзгертті. 2018 жылы шектеулердің бәрі алынып тасталады делінген. Соның өзінде былтыр Қытайда бала туу көрсеткіші төмендеді.
Бұл үрдісті тоқтату үшін ғалымдар үкіметтерге денсаулық сақтау саласын жақсартып, ана мен балаға арналған жәрдемақыны жоғарлатуды ұсынады. Бұл алдағы уақытта БҰҰ тарабынан қадағалауға алынатын мәселе болуы бек мүмкін. Себебі, адамзат қоғамының қарттануы тудыратын салдар тым ауыр болады деп қарайды зерттеушілер.