Біз әлемнің әр түкпірінен келіп жететін түрлі ақпараттарға – әлеуметтік шиеленісті жағдайлар, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар, жаратылыстық апаттар,  халық санының артып бара жатуы, климаттың жылынуы, ядролық соғыс қаупі, міне, осының бәріне бажайлай қарағанымызда, біраз аймақтар мен елдерді былай қойғанда тұтас адамзат қоғамына ортақ қатерлердің туындап отырғанын анық сеземіз.

Жоғарыда аталған және одан өзге де сын-қатерлер баяу өсіп, ғасырымыздың ортасына барғанда тұтас ғаламдық ең ауыр проблемаға айналатынын болжауға болады. Енді 30 жылдан кейін не болады? Әрине бұл сұраққа кесімді жауап айту мүмкін емес. Бірақ біздің қазіргі жетіп отырған ғылым-техника жетістіктеріміз бұл сұраққа жауап іздеуге тырысады. Олай болса ғасырымыздың ортасында болатын ауқымды дағдарыстар туралы әлем ақпарат көздері не айтады? Би-Би-Сидің сараптауына ілінген адамзат қоғамына төнетін болашақ қатерлердің бастыларына тоқтала кетейік:

Ғасыр ортасында тууы мүмкін әлеуетті дағдарыстар

Адамзат генінің модификациясы

Қазір генетика саласында адам ДНҚ-сын өзгертуге мүмкіндік беретін технологияға қатысты дау-дамай өршіп тұр. Яғни, адам генін қалағанынша өзгертуге болатын жаңа технологияны қолдау немесе қолдамау туралы талас-тартыс. Біраз ғалымдар бұл технология арқылы қатерлі ісік секілді ауыруларды емдеуге болады деп қолдаса, тағы біреулері бұл түптің түбінде адамның құрып жоғалуына апарып соғады деп қарсы тұрады.

Адам ДНҚ-сын өзгерту біздің қоғамда жаңа қатерлер алып келуі мүмкін. Бұл болашақта адамзат қоғамында жаратылыстың табиғи заңдарына қайшы кереғар даму процесін алып келуі ықтимал дейді көп санды ғалымдар. Бұл бүгін жалпы халықтық талқыдағы ықпалды мәселе ретінде қаралмағанымен  енді 30 жыл өткенде адам инсаниятының ең басты қайшылығына айналып шыға келуі бек мүмкін.

Адам ДНҚ-сы. Фото: Kintex.

Адамзат қоғамының қарттануы

Планетамыздағы адамдардың саны ғана өсіп жатқан жоқ, Жер шарындағы адамдардың ұзақ жасау мөлшері де жылдан жылға ұзарып келеді. 2100 жылға барғанда жүз жастан асатын адамдардың саны әлемде 50 есеге дейін артады деп күтілуде. Дәлірек айтқанда бүгін әлемде 100 жастан артық жасаған 500 мың адам бар болса, енді 80 жыл өткеннен кейін 26 млн адамнан асады деп болжанған. Ал, 65 жастан асқан қарттар ел халқының 14 пайызынан төмен тұратын мемлекеттер жоқ болады деп қаралады.

Ал, осы жасы ұлғайған қоғам мүшелері кейбір елдерде қоғамның жас және орта жастағы тұлғаларына ауыртпалықтар алып келуі мүмкін. Қазір Жапонияда жасы егделеген адамдарды қалай күтімге алу жөнінде арнайы департамент құрылған. Кейбір ғалымдардың көзқарасында, жасы ұлғайған адамдардың саны артуы адамзат қоғамының проблемасы бола алмайды. Себебі, бұл құбылыстың келіп шығуы адамзат қоғамындағы медицина, ғылым-техниканың дамуынан болып отыр. Мысалы бүгінгі күнде ұзақ жасағандар ең көбі дамыған, жоғары ғылым-техника толықтай жалпыласқан елдерде болып отыр деп қарайды. Сондықтан адамзаттың ұзақ жасау мөлшері жоғарылаған сайын адамдардың еңбек қабілеттілік жасы да арта береді деп санайды.

Бүгінгі күнде салмағы қатты білінбеген бұл мәселе, біртіндеп өсіп, енді бір 30 жыл өткенде көптеген елдің шешуге тиісті басты мәселесіне айналады деген болжамның да ықтималдығын жоққа шығаруға келмейді. Қазақстан қоғамында да ата-анасын күтуден бас тартқан жастар саны жылдан жылға көбеймесе азайып кеткен жоқ. Бұл тіпті біздің қоғамда қарттар санының артып кетпей тұрған кездің өзінде де болып отырған жағдай. Бірте-бірте халық тұрмысының жақсаруына ілесе, еліміздегі қарттардың үлес салмағы артар болса, қоғамдық мораль, этика талаптарына қаншалықты сүйесекте, бәрібір әлеумет болып шешуге тиісті іс болып шыға келуі ықтимал. Былайша айтқанда, 2050 жылдарға барғанда бүгінгі жастар осы қоғамның ауыртпалығы болып қалуы мүмкін.

Ғайып болып кетуі мүмкін қалалар

Ғаламшарымыздағы мұхиттардың біртіндеп көтерілуі кейбір алып қалалардың жоқ болып кетуіне алып келуі мүмкін. Бұл әрине климаттың жылынуынан келіп шығатын проблема. Бұл үшін бір ғана Майамиді мысал етсек те жетеді.

Климаттық өзгерістер мен ауа-райының тоқтаусыз бұзылулары кейбір қалалардағы адамдардың өмір сүру дағдысына өзгеріс әкелуі мүмкін. Енді бір 20-30 жылда әлемдегі теңіз жағасындағы қалалардың біразы, автокөліктердің орнына қайықтарды істетуі мүмкін деп болжанады. Бірінші қабаты биік, су үстіне арналған өзгеше дизайндағы ғимараттар бой көтеріп жатса таң қалмаңыз.

Дегенмен, оның бәрі де уақыттық шаралар. Тоқтаусыз теңіз сулары көтерілсе, адамзат алып теңіз-мұхитқа кейбір қалаларын тастап беріп, кері шегінуі мүмкін. Егер климаттың өзгерісі массалық миграцияға алып келсе, онда елдермен елдер, халық пен халық арасында үлкен қақтығыстар болары даусыз.

Су басқан қалалар. Фото:Scuba Diver Life.

Әлеуметтік медиалардың эвалюциясы

Ғаламтордың дамуы біздің өмірімізге көптеген қолайлылықтар алып келгені рас. Дегенмен оның астарында адамзат қоғамына үлкен қатерлер жасырынып тұрғаны да анық. Бүгінгі күнде әлеуметтік желілер – ФБ, ВК, Инстаграм, Твиттер тағы басқа, өміріміздің ажырамас бір бөлегіне айналып барады. 2050 жылға барғанда бұдан да дамыған түрлері біздің қоғамымызға араласатыны шын. Олай болса 2050 жылға барғанда әлеуметтік желілер қандай сипат алады? Олар біздің өмірімізге қандай қорқыныштар алып келуі мүмкін?

Фото: ThoughtCo.

Ең әуелі адамдар жеке өмір сүру бостандығынан мақұрым қалады. Бүгіннің өзінде сіз басқан-тұрған барлық қадамдарыңызды, көңіл-күйіңізді, туған-туысқандар ортасын және өміріңіздің жаңалықтарын өз қолыңызбен әлеуметтік желіге тіркеп , өзіңіздің жеке бостандықтарыңызды ғаламторға байлап беріп отырсыз. Бір жағынан алып қарайтын болсақ, ашық та еркін, көп салалары, алуан бояулы өмір сүріп отырсыз. Осы бір сүйкімді атаулардың астарына жасырынған бір түрлі қорқыныш біреуге көрінсе, енді біреулерге көріне бермейді. Қазір әлеуметтік желіге тіркелген кез-келген адам туралы мәлімет табу қиын емес. Біз осылай әлеуметтік желілер арқылы өз өмірімізді, жеке бостандығымызды, белгісіз бір жүйеге тіркеп беріп отырмыз. Мұның өзі үлкен сұрақ және қорқыныш!

Әлеуметтік желілерден шын-жалғаны белгісіз ақпараттар сізді күн сайын өзіне қызықтырып келеді. Ол сіздің дәстүрлі танымыңызға, дүниетанымымызға тоқтаусыз шабуыл жасап жатыр. Айлап, жылдап берілген осы керекті-керексіз ақпараттар адамзаттың баянды дамуына қаншалықты пайдалы екені туралы ой жүгіртуге тура келеді. Бір ғана ФБ-ның пайда болғанына 13 жыл уақыт өтіпті. Алдағы 30 жылда біз қандай әлеуметтік желілердің қатеріне жолығамыз, кім біледі?

Геосаясаттағы жаңа өзгерістер

Осы бір жылдың өзінде біз ондаған жылдан бері сарапталып жеткен геосаяси байланыстардың оңай ыдырап кеткенін анық көре алдық. Әлемнің саяси тұрақтылығы алдағы 30 жылдың ең үлкен сұрағы болып қалды. Біз бірнешеуін атап көрейік.

Ядролық соғыс қаупі барған сайын артуда. Фото: Daily Express.

  • Орта-Шығыс, Таяу-Шығыстағы тоқтаусыз соғыс алапаттары;
  • Солтүстік Кореяның тынбай жетілдіріп жатқан ядролық бағдарламасы және баллистикалық зымырандары;
  • Шекаралардан миллиондап қашып өтіп жатқан босқындар;
  • Дінаралық қақтығыстар;
  • 40 жыл ұйысуға беттеген Еуропа Одағының дағдарысы да әлемді аз ойға салған жоқ;
  • Державалар арасындағы  әскери күш бәсекелерінің жиілеуі.... Айта берсек жетіп жатыр.

Ең қорқыныштысы қазір әлем елдері арасында дипломатиялық қатынастар солғындап, әскери күш, экономикалық қуатына қарай сыйласу, сыбайласу барған сайын күшейіп келеді.

Көлік-тасымал қауіпсіздігі

Барған сайын күшейген урбанизацияға қарамастан, көлік тасымалының дамыған, жылда жаңарған құралдарына қарамастан көліктер саны барған сайын артып келеді. Әлеуметтік көліктердің түр-түрі жасалып, игілікке асып жатса да, алдағы 20-30 жылда көлік санының артуы көптеген елдің қиыншылығына айналады.

Көлік қатынас қауіпсіздігі барған сайын қиындауда. Фото: Medium.

Тіпті қазір жүргізушіні қажет етпейтін қатынас көліктері жасалып шығарылса да, жеке көліктер саны адамзаттың санының көбеюімен бірдей артып келеді. Қытай, Үндістан секілді халық саны ерекше көп болған елдерде көлік кептелісі, алдағы он жылдың өзінде-ақ үлкен мәселе болып шыға келеді. Қазірдің өзінде Қытайда 300 шақырымға созылған көлік кептелістері ешкімді таңқалдыра алмайтын болды.

Табиғи ресурстардың сарқылып бара жатуы

Дамыған технологиялық құралдарды жасауға қажетті ресурстар барған сайын азайып барады. Жер қыртысындағы кейбір сирек металлдар мөлшері адам таңқаларлық тездікпен азайып жатыр. Айталық, Қытайда сирек кездесетін қазба байлықтың 90 пайызы қазылып болған. Енді 20 жылдан кейін Қытайда қосалқы-бөлшектер өндіретін қазба байлық сарқылып бітеді делініп отыр.

Бұл айтылғандар ғасырымыздың ортасында біздің қоғамда белең алуы мүмкін деген мәселелердің тілге ілінген аз бөлегі. Біз даму барысында өзіміздің алдымыздан айналып шығатын бумеранг секілді талай-талай қателіктерді қолымыздан жасадық. Табиғатқа жасалған қиянаттың өзі қазір шектеу шегінен шығып барады. Бұл күнде дамыған елдердің ғылыми талқы кеңестерінде өзге ғаламшарды мекендеу сөзі көбірек айтылып жүр. Десек те, біздің "дамыды" деп жүрген ғылым-техникамыздың қуаты өзге бір ғаламшарды мекен етіп, қоныс аударуға қабілетті бола қойған жоқ. Ал ол деңгейге жеткенше, біз өз үйіміздің үлкен апатқа ұшырауын көреміз бе, кім білсін. Сондықтан, бұл аталған мәселелер төңірегінде ойлану барлық адам баласының міндеті.

“The Qazaq Times”