Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына, әсіресе, Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың Бейжің сапарына байланысты еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында тараған түрлі мәліметтерге байланысты ҚР СІМ тарабы ресми мәлімдеме жасады. Аталған мәлімдеме министрліктің ресми сайтында жарияланған.

Ресми мәлімдеме былай делінген:

Қазақстан мен Қытай сыртқы саяси ведомстволарының басшылары арасындағы келіссөздердің қорытындысына қатысты кейбір БАҚ-тардағы бұрмалау мен бұрыс интерпретацияларға байланысты келесі түсіндірмелерді жасау маңызды деп санаймыз.

Біріншіден. Қазақстан Қытайды «үш зұлымдыққа» - терроризм, экстремизм мен сепаратизмге қарсы күресте әрдайым қолдап отыр. Бұл түрлі екі жақты құжаттарда, оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының 2018 жылғы 7 маусымда қол қойылған бірлескен мәлімдемесінде бірнеше рет көрсетілген. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловтың ресми сапары барысында Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай келіссөздері барысында сөз болды. Дәл осы тұрғыда Қытай СІМ басшысының мәлімдемесі жасалды.

Екіншіден. Қытай аумағында тұратын этникалық қазақтарға келетін болсақ, Қазақстан оларды достық екі жақты қатынастардың маңызды факторы ретінде қарастырады. Бізде Қытаймен ортақ пікір бар. Пекинде өткен кездесуде екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы жұмыс байланыстары арқылы туындайтын мәселелерді шешуге өзара мүдделілік танытып, консулдық қызметтердің жұмысын жандандыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл жұмыс жалғасады.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі БАҚ-тарды мәлімдемелерін дұрыс жариялауға, бұрмалаудан, түсініктерді өзгертпеуге және мәтіннен, әсіресе халық үшін сезімтал мәселелер бойынша сөйлемдерді үзбеуге шақырады.

Қазақстан мен Қытай екі мемлекет халықтары арасындағы стратегиялық серіктестік пен достықты нығайтуды жалғастыра отырып, аймақтағы және әлемдегі бейбітшілікке ілгерілемелі дамуға жәрдемдеседі.

Осыдан бұрын БАҚ-та кезекті Қазақстан-Қытай келіссөзі мен ресми кездесуі турасында түрлі алып қашпа пікірлер тарағаны рас. Бұған белгілі жақтан кезекті келіссөз-кездесуі туралы нақты әрі түсінікті ақпаратқа қоғамдық аудиторияның дер шағында қолжетімді болмауы өз әсерін тигізді. Әсіресе, Қытайдағы қазақ мәселесі қазақ қоғамның назарында тұрған ең басты тақырыптың бірі. Бұл жайында кез-келген ресми қадамдар аудиторияға нақты әрі дер кезінде жетіп отыруы керек еді.

Мұндай жағдай бір ғана СІМ-ге тән емес. Көп ретте министрліктер белгілі бір саяси мәселелерге байланысты ақпарат беруге сараңдық танытады. Әсіресе, ресми сайттардың қазақ тіліндегі парақшалары ақпаратты кешіктіріп беретіні сынға көп ұшырайды.

“The Qazaq Times”