Австрия Парламенті 2018 жылдың желтоқсан айында қабылдаған «Символ заңы» 1 наурыздан бастап атқарыла бастаған. Аталған заң аясында түрік ұлтшылдарының «көкбөрі» белгісі де Австрия жерінде шектелген болатын. Алайда, бұған қарсы наразылықтар басылар емес.
Австрия Парламент қабылдаған «Символ заңы» аясында елде ДАИШ, әл-Каида, PKK, Хамас, Мұсылман бауырлары, Хизбулла қатарлы террорлық ұйымдардың белгілерін қамтыған 13 символға шектеу қойған. Насихаттау мен таратуға, адамдар арасындағы қарым-қатынаста мақсатты пайдалануға тыйым салған болатын.
Алайда, бұл тыйым салынған белгілер арасында түрік ұлтшылдарының «көкбөрі» белгісінің болуы сол елдегі және Түркия мен Еуропа елдеріндегі түріктердің наразылығын қозғады. Олар премьер-министр Курцтің әлеуметтік желідегі парақшасына наразылық пікірлерімен бірге «көкбөрі» белгісін қалдырған.
Бұл наразылықтарға қарсы Австрия премьері ресми мәлімдеме жасауына тура келді. Ол сөзінде: «Біздің демократиялық құндылықтарымызды қабылдай алмайтындарға, оған қарсы күресетіндерге бұл елде орын жоқ. Заңға бағынбайтындар құқықтық жазаға тартылады», – деген.