Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қауіпсіздік Кеңесі хатшысы Абдурахим Каххаровты қызметінен алып тастады.
Жерогілікті БАҚ өкілдерінің мәліметінше, Рахмон Каххаровты зейнетке шығуына байланысты отставкаға жіберген. Оның орнына Махмадали Ватанзоданы тағайындаған. Ватанзода бұған дейін президенттің парламенттегі сенімді өкілі қызметін атқарған.
Бұдан бөлек Рахмон өзінің Ұлттық Қауіпсіздік бойынша көмекшісі Шерали Хайруллаевты, президент хатшылығының аға көмекшісі Матлубхон Давлатовты да отставкаға жіберген.
Жалпы, Тәжікстанда кадрлық ауыс-түйістер жыл басынан бері жүруде. Ақпан айында президент жарлығы бойынша, бірқатар ведомства басшылары мен әртүрлі деңгейдегі бас прокуратура қызметкерлері отставкаға жіберілген.
Осы тұста айта кететін бір жайт, Қазақстанда да жыл басынан бері «Астана жақта ауыс-түйістің аңызақ желі соғып тұр». Ақпан айының аяғында президент Назарбаевтың шешімі бойынша Сағынтаев үкіметі отставкаға кетіп, оның орнына Мәмин үкімет келді. Ұлттық Банктен бастап, бірнеше облыстың әкімдеріне дейін ауысты. Халық арасында үкіметтің осынша қысқа уақыт арасында ауысуына «көп балалы аналар мен жұмыссыз жастардың қарсылық акциялар себеп болды» деген болжам бар.