Пәкістан президенті Имран Хан Үндістанмен елдесудің ишараты ретінде тұтқындағы үндістандық ұшқышты еліне өткеріп беретінін білдірді. Кешегі сөзінде Ирман Хан: «Үндістандық ұшқыш бізде тұтқында, біз оны ертең (жұма күні) еліне қайтарып береміз. Бұл елдесудің белгісі», – деген болатын.
Бұған дейін Үндістан Пәкістан әскери күштері жағынан атып түсірілген ұшқыштың пилотын қайтарып беруді талап етіп келген. Үндістан тарабы бастабында Абхинандан есімді ұшқыштың жоғалғанын мәлімдеген. Кейін ғаламторда оның Пәкістанда тұтқында отырғаны туралы мәлімет тарады. Ғаламторда тараған видеода көзі таңылған және аузы-мұрны қан-жоса болған тұтқынды көрсетеді.
Бұны Үндістан билігі «жаралы тұтқынға жасалған өте ауыр әрі ұятсыз әрекет» деп бағалаған. Кейін бұл видео өшіріліп, үндістандық ұшқыштың шай ішіп отырған видеосы шыға келді. Онда оның көзі таңылмаған және бет-аузы жуылған күйде Пәкістан әскерилерінің сұрақтарына жауап беріп отырады. Пәкістан әскери күштерінің өкілі үндістандық ұшқышқа әскери эктикаға сай мәміле жасалып жатқанын айтып мәлімдеме таратқан.
Екі ел арасындағы дағдарыстың тереңдеуі
Сәрсенбінің таңында Пәкістан қарулы күштерінің өкілі, генерал-майор Асиф Ғафур мәлімдеме таратып, үндістандық екі әскери ұшақты атып түсіргендерін айтқан еді. Оқиға Кашмирдің Пәкістан қарауындағы аймақта болған. Ғафурдың айтуынша, ұшақтың бірі Пәкістан жеріне, екіншісі Үндістан шекарасына құлаған.
Үндістан МиГ-21 әскери ұшағын жоғалтқанын растап, ұшқыштың із-түссіз кеткенін айтқан. Ал, үнді СІМ тарабы Пәкістанды «Соғысқа арналған әуе күштерімен Үндістанның әскери нысандарын жоюға әрекет етті. Біздің жоғары дәрежедегі дайындығымыз Пәкістанның бұл ниетін жүзеге асырған жоқ», – мәлімдеді. Әрі, бұл реткі әуе қақтығысында Пәкістанның бір ұшағын атып түсіргенін, өздері де бір ұшағын жоғалтқанын айтқан. Бірақ, Исламабад пәкістандық ұшақтың құлағанын жоққа шығарды.
Үндістанның әуе соққысы
Бұдан бірнеше күн бұрын, Үндістан әуе күштері 14 ақпандағы террорлық шабуылды өз мойнына алған «Жаиш-э-Мұхаммед» (Мұхаммедтің армиясы) атты террорлық топқа соққы беру мақсатында, Пәкістан бақылауындағы аймақтарға әуе шабуылдарын жасаған. 14 ақпандағы террорлық шабуылдан Үндістан 46 әскерін жоғалтқан еді. Үндістанның қауіпсіздік күштері әуе шабуылдары арқылы тиісті жауабын беретінін ескерткен.
АҚШ Үндістан мен Пәкістанды әскери әрекеттерді тез арада тоқтатуға шақырған. Өткен аптада Пәкістан премьер-министрі Имаран Хан мәлімдеме жасап: «Егер біз осыған ұқсас жауап қайтаратын болсақ, онда Нарендра Моди екеуміз әскери қақтығысты қолдан жасаған болар едік», – деді. Пәкістан басшысы өздерінің әрекетін «Үндістан секілді біз де шекараны кесіп өте алатынымызды дәлелдеу еді» деп түсіндірген.
Кашмир дауы
Кашмир аймағы әлемдегі ең үлкен таластағы аймақ. Әрі, аймақтағы халық тұрмысы да мейлінше әскериленген. Ең қорқыныштысы сол, Кашмир – екі бірдей ядролық қаруы бар елдің таласындағы аймақ.
Бұл рет Үндістанның Пәкістан қарамағындағы өңірге әуе шабуылдарын жасауы дағдарысты тіпті де күшейтіп жіберді. Пәкістан қарулы күштері де бұған лайықты жауап беретінін ескерткен.
Өлкедегі дағдарыс ең бір қауіпті кезеңде тұр. Былтырғы жылы Кашмирде әскери қызметкер, бейбіт тұрғын, әйелдер мен балаларды қамтыған 500 адам қақтығыстарда қаза тапты. Үндістан мен Пәкістанның арасы бөлінгеннен бері (1947-1948 жылдар) Кашмир дауы толассыз жалғасып келеді. Бірнеше рет жасалған бейбітшілік келісімдері бұзылды.
Кашмирді негізінен Үндістан мен Пәкістан толық бекітілмеген шекаралармен бөліп билейді. Шағын аумақта Қытайдың да бекітілмеген шекарасы және талас аймағы бар. Жақын арада Кашмир дауы шешім таба қояды деп айту қиын. Себебі, бұл дау тарихи, ұлттық егемендік және терең әлеуметтік мәселелермен қатысты.
Кашмир тұрғындары да көршілес екі елдің талас-тартысынан әбден қажыған. 1947 және 1965 жылғы екі реткі соғыс, одан кейінгі сан-санақсыз әскери операциялар мен шағын қақтығыстар, террорлық шабуылдар, тұрғындар мен әскерлерге жасалған шабуылдар, бұның бәрі бейбіт тұрғындардың тынышын кетіріп, экономикалық, саяси тұрақсыздық тереңдеп орнап алған.
Кашмир дағдарысының тағы бір қауіпті тұсы – қазір экстремистер Кашмирді нысанаға ала бастады. Бұл аймақтағы саяси, экономикалық тұрақсыздықтан пайдаланып, экстремистік күштер өз мақсаттарын жүзеге асыруға тырысуы бек мүмкін. Радикалды, діни ұйымдардың өңірдегі белсенділігі жылдан-жылға артып келе жатқаны бұған анық дәлел бола алады.
70 жылдан бері БҰҰ Кашмир дауын шешу үшін жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, референдум өткізуге шақырып келеді. Үндістан алғашында бұл шешімге келісім берген, кейін ол ойынан айнып қалды. Пәкістан да оған келіспейді.
Пәкістан үкіметінің мәліметіне сенсек, Кашмир тұрғындарының басым көбі Үндістанның басқаруында қалғысы келмейді. Одан көрі Пәкістанға бағынғысы немесе дербес ел болып өмір сүруді қалайды. Кашмирдегі Үндістан бақылауындағы аймақтың 60 пайыз тұрғыны мұсылмандар екенін ескерсек, бұның да негізі жоқ емес.