Венесуэла президенті Николас Мадуроның халықаралық гуманитарлық көмектердің елге кіруіне тыйым салуы ел шекарасына жақын аймақтарда оппозиция мен қарулы күштердің қақтығысына апарып соқты. Қақтығыста екі адам өлгені мәлім болды, оның бірі 14 жастағы жасөспірім екені айтылуда. Мадуро бұл гуманитарлық көмек АҚШ әскерінің елге кіруіне жол салады деп қарайды.
Оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо болса, халықаралық қауымдастыққа президент Мадуроның биліктен кетуін ресми талқылауды өтінді. Бұған АҚШ тарабы үн қосып, мемлекеттік хатшы Майк Помпео: «Мадуроның биліктен кетуіне аз уақыт қалды», – деді.
Өткен апта соңында Хуан Гуайдо Бразилия мен Колумбиядан гуманитарлық көмек жеткізуге еріктілерді көмекке шақырған. Алайда, күштік құрылымдар олардың жолын тосқан. Алғашында желім шашатын оқтар қолданған, кейін шынайы оқтар атқан. Құрама Штат оппозицияға қарсы күштік құрылымдарды қолдануды айыптады және шара қолдануға дайын екенін де білдірді. Бұндай сынды жексенбіде Еуропа Одағы да жолдады.
Оппозиция жетекшісі халықаралық гуманитарлық көмекке мұқтаж екендіктерін айтқаннан кейін бірқатар елдер көмекке ат салысты. АҚШ-тан 300 тонна көмек жеткізілетіні хабарланғаннан кейін Венесуэладағы саяси дағдарыс тіпті күшейіп кетті. Халықаралық көмек Колумбияның Венесуэлаға шекарас қаласына жиналып, сол жерден таратылатын болған. Гуайдо азық-түлік, дәрі-дәрмекті елге жеткізуге жүз мыңдаған еріктілерді көмекке шақырған. Бірақ, Мадуро билігі бірнеше шекара бекетін жауып тастаған және қарауылды күшейткен. Оған қарамастан Гуайдо жақтастарымен Колумбияға өтіп халықаралық гуманитарлық көмекке жеткен. Бразилиямен шекарадан да гуманитарлық көмекті елге кіргізуші еріктілер мен қарулы күштер арасында қақтығыс болған.
Тарап жатқан мәліметтерге қарағанда, сенбі күні болған қақтығыстардан 2 адам өліп, 300-ге жуық адам жараланған. Кейбір тұрғындар әскери әрекеттерден кейін көршілес елдерге қоныс аударған.
Мадуро Колумбиямен дипломатиялық мәмілені үзіп, дипломаттарды 24 сағат ішінде шығып кетуін талап етті. Колумбия тарабы да дипломаттарын шығарып алуға және қақтығыс аймақтарына жақын шекараларын жабуға кірісті.