Ұлыбританияда лейбористік партиядан шыққан жеті парламентарий елдің Еуроодақтан шығуына және антисемитизмге қарсылық есебінде отставкаға кетті. Бұл туралы Мirror басылымы хабарлады.

Парламент мүшелері Британ партиясының көшбасшысы Джереми Корбиннің позициясымен келіспегендіктен де осындай шешім қабылдаған. The New York Times жазғандай, соңғы айларда лейбористер қатарындағы орта және солшыл топтар арасында қайшылықтар күшейе түскен. Партиядан кеткендердің бірі, саясаткер Крис Лесли «лейбористік партияны ультра саясаткерлер басып алып, Еуропаны сатып кетті», – деп мәлімдеді.

Лейбористік партиядан жеті адамның шығуы «Brexit» жоспарының Британиядағы саяси жүйеге қалай әсер ететінін көрсетті. Ел премьер-министрі Тереза Мэй басшылығымен консерваторлар өз арасында ішкі қайшылықтарға тап болды. Британияның «сионисті» аталған Лусиана Бергер «теңдік пен әділет» қағидаларын ұстанған партия мүшелері Еуропалық Одақтан шығу туралы шешім шығарғаннан кейін, Ұлыбританияның әлем алдындағы беделіне нұқсан келтіргенін айтты. Ал саясаткер Джереми Корбин әріптестерінің осындай шешімімен келіспйтінін айтты.

2016 жылы Ұлыбританияның ЕО-дан шығу туралы референдумы қарсаңында лейбористер мемлекет одақ құрамында қалуы тиіс деп мәлімдеген. Алайда, ортақ келісімге келу қиындай түскен соң, лейбористер кезекті референдум өткізуді талап етті. Бүгінде Brexit шешімі тек Біріккен Корольдікке ғана емес, өзге де мемлекеттерге салқынын тигізуде. Оның қатарында Белфаст келісімі де бар. Осы ретте Ирландия премьер-мини­стрі Лео Варадкард: «Лондонның одақ құрамынан шыу туралы шешімі ирланд халқы мен ағылшындар арасында қайшылық туғызады. Бірақ біз осыны сәтті пайдаланып, Ирландияны біріктіру мәселесін қарастырмақпыз. Ол үшін алдымен шекарадағы жағдайларды ретке келтіруіміз керек. Ирландия – еш мәмілесіз «саяси сценарийден» құтылғысы келетін ел. Яғни біз дау тудырмай шекара мәселесін ретке келтіруіміз қажет. Осы мақсатта дайындалып жатырмыз.», – дейді. Ал Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер: «Бұл мәміле, әрине, үш элементті қамтиды. Сондықтан Ұлыбританияның өтпелі кезеңнен кететініне қатысты келісімдер Ирландия аралында қатаң шекара болмайтынына кепілдік беруі қажет. Келісім жай ғана көз жұмып қарайтын дүние емес, бұл – жаңа қарым-қатынастардың келешегін баяндайтын бірлескен саяси декларация» – екендігін айтты. Былтыр Британия премьер-министрі Тереза Мэй Корольдік құрамындағы Солтүстік Ирландия мен Еуроодаққа кіретін Ирландия арасындағы шекара ашық болуы керек деген болатын. Бірақ, ресми Брюссель мұның жүзеге аспайтынын айтқан. Себебі Британия одақтан шыққаннан кейін де оның құрамындағы елмен арадағы шекара ашық болмайды.

"The Qazaq Times"