АҚШ Үнді-Тынық мұхит қолбасшылық штабының командирі, теңіз армия адмиралы Филип Дэвидсон мәлімдеме жасап, Қытайды Құрама Штаттың ұзақ мерзімді стратегиялық қатері ретінде бағалады. Сондай-ақ, АҚШ-Қытай арасындағы бәсеке екі түрлі құндылық арасындағы қайшылық екенін айтты. Ол аталған мәлімдемесін, кеше, АҚШ Сенатының Қарулы күштер комитетінде өткен Үнді-Тынық мұхитындағы стратегиялық орналасу туралы отырыста ортаға салған.
Дэвидсон сөзінде: «Қытай – АҚШ-қа Үнді-Тынық мұхит аймағындағы кез-келген жерде кездесетін ұзақ мерзімді стратегиялық қауіп. Бұны біреулер қуатты дамыған ел АҚШ пен ықпал-қуаты өсіп келе жатқан Қытай сынды екі ел арасындағы бәсекелестіктің күшеюі деп санайды, алайда, мен мұндай қалыпты жағдайды көріп тұрған жоқпын. Керісінше, біз құндылықтардағы ең негізгі қайшылықтарға тап болдық. Бұл болашақта қарама қайшы екі үйекті қалыптастырмақ. Бейжің үркіту, қорқыту арқылы өз идеологиясын қолдап, халықаралық тәртіпті өзгертуге, бұрмалауға тырысады», – деді.
Ол және соңғы 70 жыл ішінде Үнді-Тынық мұхит аймағы бейбітшілік пен тұрақтылықты берік сақтап келгенін, алайда Бейжің аймақта Қытай көшбасшы болған, қытайлық сипаты басым жаңа түзім орнатуға тырысып жатқанын айтқан. Бұған дейін аталған аймақтың бейбіт тұрақтылығында АҚШ және өзге де еркін елдердің екі мұхиттағы еркіндікті сақтап келуі және АҚШ сынды ядролық державаның ықпалының зор екенін атап көрсетеді адмирал Дэвидсон.
АҚШ әскери шендісінің сөзіне қарағанда, Құрама Штат Үнді және Тынық мұхит алабында бес негізгі қауіпке тап болмақ. Әрине оның алғашқысы болып Солтүстік Корея аталды. Себебі, былтырдан бергі АҚШ-Солтүстік Корея арасында жүргізілген диалогтарға қарамастан, Солтүстік Кореядан төнетін қауіп күн тәртіптен түспеді. Бұдан кейін Қытай мен Ресей аталды – АҚШ-тың соңғы стратегиялық жоспарында Қытай мен Ресей ең негізгі стратегиялық қарсылас ретінде белгіленген. Бұның өзгеруіне өте ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Содан кейін барып осы аймақтағы бытыранды экстремистік топтар мен табиғи апаттардан төнетін қауіптер аталды.
Сарапшылар болжамына сенсек, осы айдың соңына қарай өтетін «Екінші Трамп-Ким саммиті» жоғарыда аталған бес қауіптің алғашқысын біршама әлсіретіп, жаңа келісімдерге қол жеткізуі мүмкін.