Иран Ислам Республикасының құрылғанына 40 жыл толды. Қазір Иран Орта Шығыстағы ықпалды елдердің бірі екені белгілі. Елдің экономикалық қуаты да өңірдегі ең алдынғы қатардан көрінген. Өңірде Иран Сауд Арабия мен Израиль сынды ойыншылардың басты қарсыласы. Мұнай өндіруші, экспорттаушы елдер арасында да өзіндік орыны жоғары.
Әрине, осының бәрін толықтай Ислам революциясының жемісі деп санауға болмас. Тарихқа «бірақ» немесе «егер» сөздерінің жүрмегенімен, Иран шах әулетінің билігі жалғасқан күнде мүмкін бұдан да зор әлеуетті ел болатын ба еді, кім біледі? Дегенмен, осы бір парсы жұрты демократиялық құндылықтар жағынан Батыс елдерін қанағаттандыра алмаса да, өңірдегі мұнайлы араб елдерінің алдында тұрады.
BBC-ге сұхбат берген Қырғызстанның Ирандағы бұрынғы елшісі Медетхан Шерімқұлов ИИР-да демократиялық өзгерістердің бар екенін растаған. Қырғыз елшісі Иран халқындағы демократияға деген ұмтылыстың өңірдегі кез-келген елден алда екенін айтқан. М. Шерімқұлов сөзінде: «Шын мәнісінде, экономикалық қуаты жағынан Иран біз Таяу-Шығыстағы ең бай деп санайтын Сауд Арабиясы елінен әлде қайда жоғары тұрады. Ол ғана емес, демократия жағынан да жоғары тұрады», –деген.
Қазір Иран қат-қабат эмбарго мен санкцияға шырмалуда. Бірақ, өз шамасына қарай шыдап бағуда. АҚШ бастаған елдердің экономикалық, саяси қысымы ұзақ уақытқа жалғаса берсе, бұл Иран үшін өте қауіпті болмақ. Алайда, парсы жұртының еңбекшіл, көмпістігі елде түрлі сала шаруашылықтарын дамытуға қозғаушы болған. Қытайлық "Шинлаң" ақпараттық сайтының сұхбатын қабылдаған бұрынғы дипломат Жян Жынго Иранның ірі өндірістің елге айналуына мүмкіндігі бар екенін растайды. Ол бұл туралы: "Иран мұнайға бай болғанымен, ел халқы басым көбі сан-салалы шаруашылықтарды дамытқан. Халық саны да әлеуметті экономиканы қалыптастыруға жеткілікті бұл елдің ғылым-техникалық жаңаруы да өңірде алда тұр. Бұл Иранда ірі экономикаға ие болуға мүмкіндік бар екенін түсіндіреді", – дейді. Бұдан сырт, бірқатар Еуропа елдерінің өтімді тауарлары Иран жерінде өндірілетіні де (Мысалы, француздың Renault Logan автокөлігі) белгілі.
Әрине, Иранның да халықаралық ережелерге сай келе бермейтін қыңыр әрекеттерін жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне Иран ықпалының жоғарылауы, Каспийге шектесетін шағын елдерге белгілі жақтан қысымды арттыратыны да белгілі болған. Қалай десек те, Ислам революциясына 40 жыл толу қарсаңында әлем ақпарат құралдарының назары Иран мен оның халқына көбірек ауды.
“The Qazaq Times”