Солтүстік Дакотадағы Dakota Access мұнай құбырының салынуына қарсылық білдірген наразы топтың көпшілігі бір жыл бойы тұрақтаған лагерлерін тастап кетуге мәжбүр болды деп хабарлайды bbc.com .
Себебі, АҚШ полициясы лагерлерден көшуге қарсы болған ереуілшілерді тұтқынға алып, күштеп көшіру шараларын жүргізуде.
АҚШ үкіметінің қабылдаған шешімі бойынша, күндізгі сағат 2-де лагер құрған наразы топ өкілдері толықтай федералды жер телімін босатуға тиіс болған.
Ал АҚШ әскерінің өңірлік экологияны қадағалап және өзендердің инфрақұрылымын реттестіріп отыратын инженерлік бөлімшесінің хабарлауынша, уақыттың тым қысқа берілуі көктемдегі су тасқыны қатерінен деп көрсетіп отыр. БАҚ өкілдерінің ақпараттарына сәйкес, лагердің аумағындағы қоқыс пен ауа райының қолайсыздығы да жұмыстың жоспармен жүргізілуіне кедергі келтіруде.
Наразы топтың көпшілігі билік тәртібіне мойынсұнып, бейбіт түрде лагерлерді босатты. Сонымен қатар, олар өзіндік рәсімдерін орындап: шатырлар мен ағаш үйлерді өртеп, 150-ге жуық адам қол ұстасып, барабандарын ұрып, әндете отырып, қоштасу маршын орындады деп хабарлайды Associated Press тілшілері.
Ал лагерлерден кетуден бас тартып, қалып қойған ереуілшілерді полиция белгіленген уақыттан екі сағат өткеннен кейін тұтқынға алды. Кейін оншақты ереуілшінің ұсталғандығы белгілі болды.
Осы уақытқа дейін лагерде бірнеше жүздей адам тұрып келген. Ең қарқынды наразылық кезеңдеріңде ауданда ереуілшілердің саны бірнеше мыңға жеткен. Наразылық акциясына қатысушылар көбіне жергілікті американдықтар мен белсенді топ өкілдерінен құралған. Олардың пікірінше, Стэндинг-Рок ауданымен шектесетін Dakota Access мұнай құбырының құрылысы жергілікті судың және экологияның ластануына алып келеді.
Сондай-ақ, жергілікті тайпалар өздерінің мәдени аймақтарының болашағына алаңдаулы.
Өткен жылдың желтоқсан айында мұнай құбырының құрылысы тоқтатылған болатын. Ал қаңтар айының соңында, Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп құбырдың құрылысын қайта бастау туралы Жарлыққа қол қойды. Жергілікті тұрғындар Трамптың жарлығына шағымданып, сотқа арыз жазғанымен, бірақ сот тұрғындардың шағымын қабылдамады.
Ауд:Гауһар Жақыпбай
“The Qazaq Times”