Ақпан айының алғашқы жартысында анықталған науқастар 16 мыңнан асты. 15 ақпан коронавирус жұққан 686 адам, ал 14 ақпан коронавирус пневмониясына шалдыққан 6 адам тіркелді. Қазір елде 23 мыңға жуық адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 14 113, U07.2 немесе КВИ- бойынша 8620) ауырып жатыр.
#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Алматы қаласы (107), ШҚО (85), Павлодар (80), Ақмола (72), Қостанай (71) өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 1289 адам үйіне жіберілген, сондай-ақ 6 адам өмірден өткен.
Кейінгі аптада Алматыда вирус жұққандар саны елдегі өңірлер арасында алғашқы қатарлардан көрінді. Дегенмен қаладағы эпиджағдай «жасыл деңгейде» деп санайтын бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 13 ақпан карантин шарасын жеңілдедетін жаңа қаулы шығарды. Құжатқа сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түн жарымға дейін, базар-сауда орындары апта бойы, сауна-бассейн және санаторийлерге, аймақтар арасында қатынайтын автобустарға жұмыс істеуге рұқсат етілді.
#U07.2 Жексенбі күні, яғни ақпанның 14-і коронавирус пневмониясына жататын 6 науқас және 2 өлім жағдайы тіркелген. Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – Қарағанды (4), Жамбыл (1) және Павлодар (1) облыстарына тиесілі. Ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін пневмониядан айыққандар саны 204-ке артты.
#Жалпы Екінші толқындағы күнделікті көрсеткіш құбылмалы. Қаңтар айының ортасынан бері тәулігіне ұдайы мыңнан кем емес және сол шамалас жағдай анықталса, өткен сенбіден қайта кеми бастады. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде өткен жұма 997, сенбі 856 және жексенбі 778 науқас анықталған.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 22 733 науқастың 5090-ы ауруханада, 17 643-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 255 науқастың жағдайы қиын, ондағы 47 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 39 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Былтыр желтоқсан айының алғашқы жартысында 13 254, екінші жартысында 13 353; биылғы қаңтар айының І жартысында 12 537, қалған жартысында 21 919 адам және ақпан айының алғашқы жартысында 16 091 науқас тіркелген. Жалпы 2021 жыл басталғалы Қазақстанда 50 547 адамнан ауру анықталған. Бір жарым айда Павлодар (7,3 мың), Ақмола (5,7 мың) облыстары, Алматы қаласы (5,6 мың) және астанада (5,4 мың) жағдай ушыққан. Ал Қызылорда (344), Ақтөбе (498), Маңғыстау (505), Түркістан (577) өңірлері мен Шымкент (647) қаласында ахуал тұрақты.
Әзірге вирус таралу қатері жағынан Павлодар облысы – қызыл; БҚО, СҚО, Ақмола, Қостанай облыстары мен астана – сары аймақта тұр.
Ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. 26 желтоқсаннан бастап министрлік кемшілігін мойындап, ресми хабарламаның формасын өгертті. Статистиканың пневмонияға қатысты мерзімін көрсетіп жариялауға көшті.
(!) Пандемия модераторы – министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ресми мәліметтің реттелген нұсқасы деп санайды.
Осы қыстың басында бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген.
13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 203 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 48,5 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 251 мыңға, ал Ұлттық статистикада 252 мыңға жуықтаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген. QT бірнеше ай бойы министрлікке осы мәселені көтеріп, ондаған сұрау жолдаған. Ақпанның 3-інен ғана коронавирус пневмониясының күн сайынғы аймақтық есебі жариялана бастады.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4315-і (КВИ+ / U07.1 – 2652, КВИ- / U07.2 – 602, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Қоғамда былтырғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 50-орында тұр.