Америка Құрама Штаттары мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 40 жыл толған тұста, көптеген америкалық саясаткерлер мен сарапшылар екі ел қатынасының 40 жыл бұрын қол қойылған келісімдер күйінде қалатынына күмәнмен қарай бастады. Құрама Штаттағы көптеген әр сала ғалымдары да АҚШ пен Қытайдың қазіргі қарым-қатынасы қауіпті сәтте тұр деп қарайды.
Қытай төрағасы Ши Жинпиң жақында әр провинцияның, түйінді қалалардың және автономиялы региондардың әкімшілік, партия және қарулы күштерінің басшылары қатысқан «Арнайы семинар» кезінде баяндама жасап, Қытайдың сыртқы қауіп-қатерлерді қамтыған «Жеті үлкен қатерге» тап келгенін айтты. Оның бұл сөзіне талдау жасаған әр елдің сарапшыларының пікірін қорытындылайтын болсақ, ҚХР үшін АҚШ-Қытай арасындағы қарама-қайшылық ең басты сыртқы қатер саналады.
Соңғы жылдағы АҚШ пен Қытай қатынасының даму бағытын бақылаған болсаңыз, ағымдағы жағдайдың (анықтап айтқанда шиеленістің) барған сайын өршіп бара жатқанын байқайсыз. АҚШ тарабы екі ел қарым-қатынасына талдау жасаған кезде, Қытайдың барған сайын өсіп келе жатқан қатерін негізге алады. Ал, Қытай бұның керісінше, АҚШ бастаған Батыс елдерінің (Аустралия да қамтылған) Қытайды құрсаулау мақсатындағы дұшпандық саясатын негізге алады, тіпті, Қытайдың ішкі саясаты мен қауіпсіздік мәселесіне араласқанын сынға алады. Бұл тараптарды түсіністікке жеткізбей келе жатқан ең негізгі көзқарастар.
Осыған дейін НАТО мен Ресейдің «ерегеске» баруын әр елдің саяси сарапшылары «Қырғи қабақ соғысының жаңа бейнесі» ретінде бағалаған болатын. Алайда, қытайлық саяси сарапшылар АҚШ-Қытай арасындағы бұл теке-тірес жағдайды өткен ғасырда Құрама Штат пен Кеңес одағы арасындағы «Қырғи қабақ соғысынан» кейінгі ең үлкен қайшылық деп бағалапты. Халықаралық қатынастарды зерттеуші профессоры Шы Инхоң да екі елдің бүгінгі қайшылығын әлемнің саяси аренасындағы үлкен қайшылық деп қарайды. Ол және екі ел шиеленісті жағдайда тұрғанымен үлкен қақтығысқа әлі жете қоймағанын айтады.
Осыдан 40 жыл бұрын, яғни «Қырғи қабақ соғыстың» өршіп тұрған кезінде, Уашингтон билігі Бейжіңді ресми үкімет ретінде танып, дипломатиялық қатынас орната бастады. Осы тұстағы АҚШ-тың коммунистік Қытай билігін өзіне тартуындағы саяси астарды бұдан бұрын да айтқан едік. Қысқартып айтқанда, Батыс елдері жағынан Кеңес одағының, коммунистік идеологияның ықпалын тосу мақсатында Түркия, Сауд Арабиясы, Шығыс Еуропадағы бірнеше елді және Қытайды Мәскеуден бөліп тастау мақсатында жұмыстар жасалды. Бұл әрекеттер Батыстың үмітін ақтап, Кеңес пен Қытай араз болды, Түркия «Пантүркизм»-ге шалдықты. Кеңес одағы өңірлік оқшаулануға білінбей түсіп кетті. Ал бүгін жағдай өзгерді, Қытай әлемнің екінші экономикасын иелесе, Түркия «Үлкен жиырмалыққа» кірді. Жекелеген геосаяси үйекке айналды. Міне бұл Қытай мен АҚШ арасындағы бүгінгі «қожалық таластың» басты себебі деуге болады.