Қырғызстан көп жылдан бері әскери техникаларын жаңарта алмай, заманауи әскери қосын құруға дәрменсіз болып келе жатқаны белгілі. Кеңес одағынан қалған әскери техникалар дерліктей ескіріп, жарамсыз болып қалған болатын. 2010 жылы маусымдағы дүрбелеңнен кейін билік әскери техниканы жаңартуға назар аудара бастады. Ресей, Қазақстан сынды бір қатар елдер бұл бағытта көмек қолдарын созған.

Қырғыз елі Еуразия Экономикалық одағына кірерден бұрын Ресейдің әскери техникамен жәрдемдесу туралы уәдесін алған еді. Бұл «уәделестік» президент Атамбаев заманында, нақтырақ айтсақ 2015 жылы жасалған болатын. Соған сай, Ресейден 120-дан астам әскери-инженерлік техникалар Қырғызстанға жеткізілген. Қырғыз билігі бұл техникалардың басым көбін шекара қызметіне берген.

Қырғыз Республикасы Шекара қызметінің төрағасы Ұларбек Шаршеев жасаған мәлімдемде айтылуынша, алғашқы басқыш бойынша шекара заставаларына толық комплекстегі 9 объект құрылған. Қазіргі кезде аталған объектілерге техникалар жеткізілуде. Қазірге дейін 209 млн сом (шамамен 1 млрд 100 млн теңге) құнға ие 125 техника жеткізілген. Бұлардың арасында әскери жеңіл автокөліктер, жүк көліктері, крандар мен инженерлік техникалар да бар. Бұл туралы қырғыз тіліндегі ақпарат құралдар хабарлаған да болатын.

Қазіргі кезде Қырғызстанның әскери қуаты бұрынғыдан жақсарды деуге болады. Бірақ, соғыс қуатына ие армиясы жоқ. Мәскеу өз уәдесіне орай Қырғызстанға әскери техникалар беріп келе жатқаны рас. Дегенмен, Ресейдің бұл жақтағы қадамы тым ақырын. Сондай-ақ, Алатаудың арғы бетіне жетіп жатқан орыс қарулары соңғы үлгідегі жарақтар емес, Ресейде біраз жыл пайдаланылған, Ресей үшін аса бір қажеті шамалы құрылғылар. Әйткенмен, соның өзі де Бішкек билігі үшін керек болып отыр. Бірақ, Қырғызстанның соңғы үлгідегі әскери техникаларды толықтыруға мүмкіндігі де болмай келеді.

«Жау жоқ деме, жар астында...»

Қазақстан мен Өзбекстан қазіргі кезде Орта Азия елдері арасында белгілі қуатты әскері бар ел болып саналады. Тұрақты әскер саны мен кейбір соғыс құрылғылары жағынан өзбек ағайын алда тұрғанымен, жаңа соғыс құралдары, әуе қорғаныс құрылғылары, жаңа техника жағынан Қазақстанның әлеуеті артықырақ. Жерден көтерілетін зымыран біткенді қағып алатын S-400 немесе «Саад» сынды құрылғыларымыз болмаса да, орыстан алған S-300-ді өзіміз баптап, қажетімізге жаратып отырмыз. Әрине, қолында «темірі» болғанмен жүйелі жаттығудан өтпеген, шеберлігі шыңдалған жауынгерсіз «техникам бар еді» деген сөз ешкімді қорғамайды.

Әрине, бүгінгі күнде қаны жақын ағайынмен көрші отырған қырғыз ағайынды ешкім басып алғалы жатқан жоқ. Бірақ, барлық Орта Азия елдерінің қауіпсіздігін алаңадататын қорқыныштар жоқ емес. Ол болса кешегі күні Сүрия мен Иракта сойқан салып, бүгін ауғанның тау-тасына тасалап кіріп жатқан экстремизммен еліріп, терроризммен тебінген қарулы топтар. Қай елде бұлғақ, қай елде бүлк еткен бүлік болса сол елге кіріп қожалығын көрсетуді көздейді. Бұл ретте Орталық Азия елдері өз ішінде де экономикалық, стратегиялық қорғаныс қауіпсіздіктерін сыртқы күштерді араластырмай шешуге икемді болғаны абзал-ды.

“The Qazaq Times”