Тәжікстанда бір жылдан кейін парламент және президент сайлау өтеді. Осыған байланысты бүгін біз елді ұзақ жылдар бойы басқарып келе жатқан Эмомали Рахмоннан кейін билік басына келетін тақ мұрагерлері мен билік транзиті кезінде болуы мүмкін жағдайларға қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Дамыған, демократиялық елдерде қандай да бір сайлаудың өтуіне бір-екі жыл қалағанда атқарушы биліктің опоненттері белсенділік таныта бастайды. Бірі биліктің ашық сынаса, енді бірі сайлауға қатысатын кандидаттарының тізімін ұсынады. Бірақ бұл жоғарыда айтқанымыздай дамыған, демокаратиялық елдерде болатын дүние. Тәжікстан сияқты Орталық Азияның кезекті бір авторитарлық жүйедегі елінде бұндай саяси қозғалыс болмайтыны айтпаса да түсінікті. Десе де, Тәжікстанда 2020 жылы өтетін парламент және президент сайлауы билік транзиты кезеңінде өтетіндігімен қызық.
2015 жылы Тәжікстан Конституциясына кезекті рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, үміткерлердің президент сайлауына қатысуы 35 жастан 30 жасқа төмендеген. Осыдан кейін көптеген сарапшылар «тақ мұрагері Душанбе мэры (Эмомали Рахмонның ұлы) Рустам Эмомали. Билік Ата заңды өзгерту арқылы осының алғышарттарын жасап жатыр» деген болжамдар айтқан. Бірақ 2016 жылы Рахмонның үлкен қызы Озода Рахмон президент әкімшілігі басшысы болып тағайындалып, билік транзитіне қатысты қандай да бір болжам айту әлі ерте екендігіне меңзеді.
Бірақ байқасаңыздар Тәжікстан жұртшылығы талқылап жатқан «билік транзиті» мәселесі Қазақстанмен өте ұқсас. Біздің елімізде де сарапшы біткен 2019 жылы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін президент сайлауын және Назарбаевтан кейін билік басына кімнің келетіндігін талқылап, түрлі болжамдар айтуда. Бірақ оларда да нақты жауап жоқ. Бірі «тақ мұрагері президенттің күйеубаласы болады» десе, енді бірі «үлкен қызы болуы мүмкін» дейді.
Жалпы, жаһандық геосаясат сағат сайын құбылып, державалар текетіресі күн өткен сайын ушығып бара жатқан уақытта Қазақстан немесе Тәжікстанда болуы мүмкін «билік транзиті» мен президент сайлауы сыртқы күштердің араласуынсыз өтеді деп айту қиын. Халықаралық сарапшылар пікірінше, 2020 жылы өтетін президент сайлауы кезінде Тәжікстан халқына әділ таңдау жасауға 100 пайыз еркіндік берілмейді. Себебі ел экономикасы Қытай мен Ресейге шамадан тыс тәуелді және ресми Душанбеге тақ мұрагерін анықтауда олармен санасуына тура келеді. Бірақ соңғы жылдары Эмомали Рахмонның кез келген халықаралық шарада ұлы Рустамды қасынан тастамай ертіп жүргендігін ескерсек, Душанбе қожайыны «билік транзитіне» дайындықты әлде қайда ерте бастаған тәрізді...