Түркіменстан парламенті алкогольді ішімдіктерге қарсы профилактика жүргізу туралы заң қабылдамақ. Бұл туралы infoAbad хабарлап отыр.
Қазіргі таңда аталған заң жобасының нақты қай уақыттан бастап күшіне енетіндігі белгісіз. Алайда, депутаттардың біріңғай қолдағандығы мәлім болды. Сонымен қатар, жиында өзге де әлеуметтік жобалар талқыланған.
Шілде айының басында Түркіменстан президенті Құрбанқұл Бердімұхамедов 2018-2024 жылдар аралығында адам ағзасына зиянды алкогольді ішімдіктермен күресу туралы ұлттық жобаны бастаған болатын. Тәуелсіз бақылаушылар аталған жобаның ішімдіктен уланғандардың күрт артуына байланысты деп мәлімдеген. Сонымен қатар, шілде айында бұдан бөлек те бірнеше әлеуметтік тақырыптарды талқылап, белсенділікті арттыру туралы бағдарламалар жұмыс істей бастады.
Шыққан заңды тез арада орындауға кіріскен мамандар ішімдікке қарсы жаппай рейдтер жүргізіп, сауда орындарынан адам ағзасына зиян сусындарды тәркілеп жүк тиегіш көліктермен жинап алған. Алайда, сауда орындарының иелері мұндай жүйеге өздерінің қарсы екендіктерін білдірген болатын.
Қазіргі таңда Түркіменстан елінде ішімдікке құмар нақты қанша адамның бар екендігі туралы статистика шыққан жоқ. Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, бұрын ауыл-аймақ, шалғайдағы қалалардан ғана көрінетін ішімдікке құмар қайыршылар, енді Ашхабат қоқыс орындарынан да төбе көрсетуде. Бұл елдегі экономикалық дағдарыстың тым өршіп бара жатқандығынан хабар беріп отырған сыңайлы.