Кеше Арқа төріндегі Елордада ақын, жазушы, тарихшы Сұраған Рахметұлының «Жан ғұмырым – Раушан» атты шығармашылық кеші өтті. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасындағы Алаштың көзқарақты жақсысы мен жайсаңы жиналған кеш ақынның 60 жас мерейтойына арналған, әрі бұл кештің өтуіне Қазақстан Жазушылар одағы мұрындық болып отыр.  

Дара қалам ізін салған ақынның мерей тойына арналған жыр кешін Қазақстан Жазушылар одағын Астанадағы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді және кеш иесіне арнау жырымен шашуын шашты. Сондай-ақ, өлең сүйген қауымға аты кеткен ақын інілерінен Ықылас Ожай, Ұларбек Нұрғалым, Ербол Бейілхан, Алмас Темірбай, Талапбек Тынысбек, Мерей Қарт, Мирас Асан қатарлылар кеш иесінің өлеңдерін оқыды.

Қазақ жерінің түкпір-түкпірінен жақсы мен жайсаң жиналып, кеш мерейін асырды. Фото: Әдебиет порталы.

ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Сұраған Рахметұлына жолдаған құттықтау хатын министрдің кеңесшісі, ақын Бауыржан Қарақызұлы оқып берді және ақының иығына шапан жапты. Әнші Меруеш Башайқызы Сұраған Рахметұлының сөзіне жазылған «Ана» әнінмен, Қайрат Айтпай күйімен шашу шашты. Қазақтың сүйікті әншісі Нұрлан Өнербаев та кешке арнайы әншашумен келген болса, Светқали Нұржанов, Ерболат Баятұлы қатарлы кеш иесінің қаламдас дос-аға, бауырлары ақ лебізін ақтарып, кеш мерейін асыра түсті.

Қазақ әдебиетінде соны із салған терең ойлы ақын 60 жасына дейін оқырманына «Жұлдыздың лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі», «Түске оранған күз», «Көгілдір шабыт» атты жыр жинақтарын ұсынған. Сонымен бірге, «Қаламұш әлем» атты зерттеу еңбегін, «XX ғасыр. Оспан-Чойбалсан» атты тарихи-деректі зерттеу еңбектерімен де қазақ руханиятын байытқан. Бұдан да бөлек көптеген тарихи-әдеби монографиялық еңбектердің авторы.

Сұраған Рахметұлы, сондай-ақ, Қазақстан және Моңғолия жазушылар одағының мүшесі, Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер.

Қазақ руханиятына өзіндік зор үлесін қосқан Сұраған Рахметұлының 60 жас мерей тойына редакциямыздың атынан құтты болсын айтамыз! Алдағы биік белестеріне талмай жетер қайрат, ұзақ ғұмыр тілейміз!

“The Qazaq Times”