Еске сала кетейік, жуырда Алматыда жасөспірімдер ортасында жедел жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ қалалық прокуратурамен бірлесіп әзірленген «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу» Жобасын жүзеге асыру мақсатында «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы басталды. «Жасөспірім» іс-шарасының алғашқы күнінің қорытындысы бойынша төмендегі жағдайлар анықталып отыр деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
«Айта кетейін, шараның мақсаты – қараусыз қалған кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың түнгі уақытта үйден тысқары немесе көңіл көтеру орындарында заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз бару деректерін анықтау, жасөспірімдерге алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін сату, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қоғамға қайшы әрекеттерге тартатын ересектерді әшкерелеу болып табылады. Шараның алғашқы күнінде ішкі істер органдарына әртүрлі құқықбұзушылықтар жасаған 156 жасөспірім жеткізілді, оның ішінде әкімшілік құқықбұзушылықтар жасағаны үшін – 143, қараусыз және панасыз қалған – 13, олардың 8-і – тұрғылықты мекен-жайларын анықтап, заңды өкілдеріне қайтару үшін Кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді. Сонымен қатар, өткен тәулікте полиция бөлімшелерімен 8 құқықбұзушы-жасөспірім мен 9 әл-ауқаты төмен отбасылар анықталып, ішкі істер органдарының есебіне қойылды»,- деп мәлімдеді Алматы қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметі ювенальды полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Лейла Әліпбаева.
Шара барысында ұсақ құқықбұзушылыққа «нөлдік төзбеушілік» принципі бойынша тәртіпбұзушыларды анықтауға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 6 жасөспірім ұсталды.
«Балалары түнгі мезгілде көңіл көтеру орындары мен үйден тысқары жерлерде жүргені үшін 63 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз кәмелетке толмаған балалардың түн мезгілінде жүруіне жол берген компьютерлік клубтардың 3 басшысына қатысты материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қаланың Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілетін болады. Сонымен қатар, бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 6 ата-ананы Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 127-бабында қарастырылған әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді»,- деді полковник Әліпбаева.
Сондай-ақ, қаланың сауда нүктелерінде кәмелеттік жасқа толмағандарға алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатудың 5 дерегі анықталды. Аталмыш факті бойынша материалдар да сауда қызметкерлерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілетін болады.
«Сондай-ақ шара аясында қалалық прокуратурамен бірлесе отырып оқу орындарының оқушылары арасында және ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесуге бағытталған құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шараның бірінші күнінде 6 мың 590 оқушыны және 1 мың 860 ата-ананы қамтитын қала аумағындағы 42 мектепте құқықбұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілді»,- деп хабарлады қалалық ювеналды полициясынан.
«The Qazaq Times»