Британияның бас уәзірі (премьер-министрі) Тереза Мэй Еуропа Одағынан шығу туралы 585 парақтан тұратын келісім жобасын Парламентке ұсынды. Алайда, парламент депутаттары, тіпті Тереза Мэйдің кейбір партияластары да жобаға қарсы өретүрегелісті. Еуропа Одағынан шығу туралы келіссөздер жүргізген министр Доминиг Рааб пен Еңбек және зейнетақы министрі Эстер Маквей өз еріктерімен қызметтен кетті. Доминиг Рааб болса, премьер-министрдің жобасын қабылдауға болмайтынын айтып кетті.
Британияда 2016 жылы референдум өткенде, халықтың 51,9 пайызы Еуропа Одағынан шығып кетуді қолдап, 48,1 пайызы ЕО-да қалуды талдады. Референдумның нәтижесіне сай, Британия 2019 жылы 29 наурыз күні (жұма) 23:00-де Еуропалық Одақтан біржолата шығып кетуі керек. Былтырдан бері ЕО мен Британия арасында толассыз брексит келіссөзі жүргізілді. Қатаң келіссөздерден кейін тараптар пікір табысты. Ендігі мәселе келісімді Британия парламенті мен ЕО-ға мүше 27 елдің мақұлдауы керек.
ЕО-Британия арасында келісімде не қамтылған?
- Британия ЕО-дан шыққаннан кейін, сол елде жасап жатқан еуропалықтар және олардың отбасыларының сол елде қалуына құқығы бар.
- 21 айға дейін өтпелі кезең белгіленіп, алмасуларға тиімділік беріледі.
- Британия үкіметі «айырылысу ақысы» ретінде 39 млрд фунтты еуропалық компанияларға аударады.
- 3 мыңға жуық азық-түлік тауарларына арнайы құқықтар беріледі.
- Ирландиядағы шекара мәселесі күн тәртіпке қойылады.
Парламентке ұсынылған 585 беттен тұратын жобадан тыс, алдағы уақытта ЕО-Британия болашақ келісімдер туралы да жобалар даярлануы керек. Жобалар қабыл алынса, 2020 жылдың желтоқсан айына дейінгі өтпелі кезең басталады.
Жобаларға сай, екі жақ арасындағы «Еркін сауда аймақтары мен арнайы тауарларға» бағытталған бажы салғы толығымен алынатын болады. Бұған арнайы салық ережесі жасалатын болады. Сонымен бірге, тараптар Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекаралық дауды ортақ шешуге тырысатын болады. Ал, бұл мәселе болса, Британияның тұтастығына қатер төндіретін мәселе ретінде қаралып отыр.
Енді не болмақ?
Алда тұрған ең басты екі басқыш: ЕО жобаны талқылайды; Британия парламентінде жобаны қолдауға дауыс беріледі.
ЕО жобаны талқылау үшін қарашаның соңында шұғыл отырыс өткізбек. Ал, Тереза Мэй парламент мүшелерін иландыру үшін бар күшін салмақ. Әрине, бұл оңай болмайды. Үйткені, бұл жолы оппозиция мен қатар Тереза Мэймен бір партиядағылар да қарсы шығуда. Ал, Солтүстік Ирландияның ісі Британияның басты проблемасына айналуы мүмкін деген болжамдар да айтылуда.
Тереза Мэй ханымның кейбір партияластары оның премьер-министрлік қызметінен кетуін де талап етуде. Бұдан тыс оның кейбір саяси сенімді одақтастары қызметтерінен бас тартып кетуі мүмкін.
Британия ешбір жобасыз да ЕО-дан шығып кетуіне де болады. Бұдан қауіптенген Британия парламент өкілдері Тереза Мэйдің жобасына қолдау көрсетуі де мүмкін делінеді. Ал, Тереза Мэйдің жобасы қабылданбай қалса не боларын ешкім білмейді. Бұл сонша уақытты сарып еткен келіссөздер мен жобалардың селге кеткенімен бірдей. Британияның әйел бас уәзірі ЕО-мен келіссөзді қайтадан бастауы мүмкін. Алайда, оның қызметтен кетуі және қайталай парламенттік сайлау өткізілуі де мүмкін. Олай болғанда алдағы тартысты кезеңнің тіпті де ұзаққа созылатыны анық.
Британдық саясатшылардың көбі, Тереза Мэй бұл жолдан бас тартып, брексит мерзімін кейінге шегеріп, қайтадан референдум өткізеді деп үміттенеді. Бірақ, бұл үміт сол күйінде ақталмай қалатындай. Себебі, Тереза Мэй қайталай референдум өткізілмейтінін анық айтқан.
Екі тарап та жобаны қабылдамаса, онда ең әуелі Британия ешқандай келісімдердің кепілдігінсіз Еуропа құрамынан шығып кетеді. Жоба қайта жасалады да, британдық парламент таратылып, қайта сайлау өткізіледі. Қайталай референдум өткізілуі де мүмкін. Осылайша, ағылшын аралы мен Еуропа арасындағы күрделі кезең ұзаққа жалғасатын түрі бар.