Ұлыбритания үкіметі Еуроодақтан шығу туралы Brexit жобасын мақұлдады.

Министрлер кабинетінің 5 сағатқа созылған отырысынан соң премьер-министрі Тереза Мэй үкімет отырысында жасалған келісім Біріккен Корольдіктің ұлттық мүдделеріне толық сай келетінін айтты. Сонымен қатар, Біріккен Корольдік ЕО-дан шыққан соң, қос Ирландиямен арадағы шекаралық байланысты реттеуге сөз берді. Солтүстік Ирландия мен Ирландия азаматтары шекарада еркін жүріп, сауда-саттық жасау кезінде шекарадан өту оңай болғанын қалайды. Дегенмен, Лондон Солтүстік Ирландия мен Британияның басқа аймақтары арасындағы кеден шарттарына айтарлықтай өзгеріс енгенін қолдамайды.

Еуропалық Одақтың Brexit бойынша өкілі Мишель Барнье: «Қанша жерден премльердің пікірін құптамасақ та, Британиямен ортақ дос боп қала береміз. Алдағы уақытта Brexit оң шешімін тауып, экономикалық тұрақтылық орнайды деген сенім бар. Біздер Ирландиямен арадағы шекараға қатысты мәселенің шешімін таптық. Егер 2020 жылдың шілде айына дейін үлгермесек, өтпелі кезеңді бірлесе отырып ұзартуымыз мүмкін», – деді.

Алдағы уақытта Ұлыбритания үкіметі мақұлданған 585 беттік құжаттың мәтінін парламентте баяндайды. Брюссельде де Еуроодақ құрамында қалған 27 елдің өкілдері Brexit мәселесін кеңінен талқылаған. Енді бүгін Еуроодақ тарапынан басты келіссөз жүргізушісі Мишель Барнье Еуропалық кеңестің президенті Дональд Тускке Brexit бойынша барлық жағдайды мәлімдеуі тиіс. Сарапшылардың болжамы бойынша, Британия парламентінің Тереза Мэйге сенімсіздік вотумын жариялауы әлі де ғажап емес.

Айта кетейік, Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан 2019 жылдың 29 наурызында шығады. Ал 2020 жылдың соңына дейін ішкі нарықтағы жағдай, дипломатиялық байланыс пен еуропалық саясатқа реформалар енгізілмейді.

"The Qazaq Times"