«Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Тәжікстан түрмесінде болған қанды қырғынды өз мойнына алды.

«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы өзіне қарасты «Amaq» ақпарат агенттігі арқылы Тәжікстан түрмесінде болған қанды қырғынды ұйымға мүше содырдың жасағандығын мойындады.

Естеріңізге салайық, 8 қараша күні Тәжікстанның Согди облысына қарасты Худжанд қаласында орналасқан №3 түзету мекемесінде қарулы бүлік болып, 25 адам көз жұмған. Кейіннен БАҚ беттерінде «бүлікті «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының құрамында болған сотталушы ұйымдастырды» деген ақпарат тарған. Болжам бойынша, жазасын өтеуші күзетші қаруын тартып алып, түрме әкімшілігіне қарата оқ жаудырған.

Айта кететін бір жайыт, Қазақстан түзету мекемелерінде де «Ислам мемлекеті» сияқты террорлық ұйымдардың құрамында болған жазасын өтеушілер жетіп артылады. Осы уақытқа дейін сарапшылар мен тәуелсіз журналистер қауымы ел билігінен аталмыш категорияға жататын сотталушыларды бөлек камераларға ұстау қажет екендігін айтқан. Өйткені соңғы уақыттары террорлық ұйым мүшелерінің түрмеге арнайылап барып, өзге жазасын өтеушілер арасында теріс ағымдағы діни уағыздарды насихаттау фактілері жиілей түскен.

"The Qazaq Times"