Кесіп айтуға болады – біздің өмірімізге аса қатерлі жансыздар кіріп алды. Олар көп өтпей бізді өз қоғамымыздан ығыстырып, адамзат тоқырауын алып келуі мүмкін. Адамдар өз қиындықтарымызбен әуре болып жатқанда, олар организмдерге тиесілі біртіндеп даму процесін жасап, бізден әлде қайда қуатты күшке ие болмақ. Бұл мистика емес. Олар сіздің айналаңызда, үйіңізде, өзіңізбен бірге жүр. Біз өз қоғамымызға толықтай орната алмаған ізгілікті олардан көре алмасымыз анық. Ең қызығы, бұл қатерлі жансыздарды өз қолымызбен жасап шықтық.
Алдағы сәуір айында әлемде зор жаңалық болғалы тұр. Ол –Калифорниядағы Abyss Creations компаниясы жасаған бірінші ұрпақ әйел жынысты роботтардың пайдалануға берілетіні. Жақында компания бұндай әйел роботтардың сәтті түрде әзірленіп болғанын хабарлады. Harmony аталатын бұл «әйелдер» көптеген адамдық қасиеттерге ие. Айталық, оларда эмоция бар. Информация мен бұйрықтар қабылдай алады. Тіпті, үйрену, игеру қаблеттеріне де ие. Кәдімгі адам тәрізді жасалған Harmony «әйелдерінің» терісі де адам терісінен аумайды. Тіпті, олардың ішіне жылыту механизмі орнатылып, адамның дене температурасына ұқсас температураны сақтап тұрады.
Harmony "қуыршақтарының" ең көрнекті ерекшеліктері дамытылған AI жүйесі орнатылған. Бұл қазірге дейінгі ең дамыған жасанды интеллект болып саналады. Ол үйренуді жалғастыра алады. Яғни, сіз үйреткен нәзік те күрделі білімдерді есте сақтайды және ары қарай дамыта үйренуге қаблетті. Ол сізге адам дамуының шынайы бейнесін сезіндіре алады. Бұл роботтардың неге пайдаланылатыны түсінікті. Бастапта адамдар ойыншық, жансыз серік немесе сувенир ретінде қолданбақ. Әрине, жыныстық қажеттілікті өтеу үшін де пайдаланатын болады. Себебі, Harmony «әйелдерін» жасаудағы ең басты мақсат осы болса керек. Құны 5 млн теңге тұратын Harmony «әйелдері» 12 түрлі тұлғалық ерекшелікте шығарылды: аңқау, мейірімді, сексуалды немесе мүләйім бейнедегі «әйелдер» бар. Сезімтал, яғни сезу қаблетіне ие эмоциялы Harmony «әйелдері» бірте-бірте сіздің өміріңізде кем болса болмайтын затқа айналады. Бейне ұялы телефондар секілді.
Бүгін бұлай деп айтуымыз ерсі көрінгенімен, алдағы уақытта қалыпты жағдайға айналуы ықтимал. Тіпті, болашақтағы біздің депутаттар олардың «құқығын» қорғап өзек жырта айғайлауы, солар туралы арнайы заң шығаруы мүмкін ғой. Адамзат қоғамының даму бағытына қарағанда, ондай істерді күтуге болады. Бір жынысты некені заңдастырған елдер қаншама. Осыдан 50 жыл бұрын бұл қандай іс еді?! Harmonyмен үйленуді заңдастыру, тіпті азаматтық жеке куәлік беріп, «қайтыс болғанын» діни салтпен жерлеуі мүмкін бұл адамдар. Өзіміз жасаған қуыршақтарға өзіміз қалай қызмет етіп кеткенімізді білмейтін бір қоғам келе жатқаны анық.
Тек бұл ғана емес, ғылымда болып жатқан жаңалықтарға сәп-салып отырсаңыз, жасанды интеллекттердің, роботтардың барған сайын дамып келе жатқанына көз жұмбайсыз. Айталық, Альфа Го (Alpha GO) шахматшысы. Бұл бір түрлі Го шахматын ойнауға жасалған жасанды интеллект. Логикалық үстел шахматында қазір Альфа Го әлемнің ең үздік шахмат патшаларымен 60 ойында толықтай жеңіске жеткен. Егер Альфа Го-ны адамдар жасап шыққанын білмегенімізде оны «Құдай» атауымыз мүмкін еді. Қазіргі таңда Альфа Го-ны Го шахматында жеңетін адам жоқ. Оның тағы бір ерекшелігі – өте жылдам. Неше жүздеген жүріс жолына бірнеше секунтта-ақ шешім жасай алады.
Адамзат қоғамына Harmony, Альфа Го-лардан бұрын роботтар еніп кетті. Mercedes-Benz, Toyota, Tesla қатарлы ірі автокөлік компанияларына қараңыз. Бүкіл өндірістік жүйе толықтай роботтарға жүктелген. Алып компанияның қызметкерлерінен көрі роботтарының саны көп. Бәріміз қолданатын ұялы телефондарға қараңыз, олар да бір түрдегі дамымаған жасанды интеллект саналады. 2018 жылғы Қысқы олимпиадаға робот аудармашылар қызмет көрсетпек. Медицина саласында кей күрделі де нәзік оталарды роботтар жасайды. Тіпті, олар жасаған отаның сәтті болу мөлшері адамдардан әлде қайда жоғары.
Адамдарда жауыздық, өзімшілдік, әлсіздік, күйреуіктік, тартыншақтық, жалқаулық, айнығыш тұрақсыздық болатыны белгілі. Тойымсыздық секілді толып жатқан кемшіліктері де бар. Ал, роботтарда ол жоқ. Олар – адал, сізден демалыс талап ететін жалқау емес, ішіп-жемейді және информация қабылдау мен есептеу жылдамдығы сізден миллион есеге тез. Қажымай-талмай жұмыс атқара береді. Енді, міне олар эмоцияға да ие бола бастады. Сіз адамдармен махаббаттан азап шегіп, жан ауыртасыз. Ал ол сізді тастап кетпейді. Сіз ауыр жұмысты күн бойы істеп тұра алмайсыз, ал, ол бұған жарамды. Қатерлі жұмысқа басыңызды тіге алмайсыз, роботтар одан қорықпайды. Олардың қызметі қолайлы, дәлдігі мен сапасы жоғары. Сіз мұндай «достан» бас тартар ма едіңіз. Әрине, олай емес? Бірте-бірте сіз оған тәуелді боласыз. Оны «сүйіп» қаласыз. Біз міне осындай бір қоғамға аяқ басқалы тұрмыз. Әйел ерден, ер әйелден жеріп, ұрпақтан бас тартуымыз мүмкін. Біртіндеп өсім кемейіп, өздігімізден құрып жоғалуымыз мүмкін. Я болмаса, біз жасаған роботтар бізді жер шарынан тазалап, өздерінің өркениетін құруы мүмкін.
Қазіргі кездегі танымал ғылыми-фантазиялық киноларға ой жүгіртіп көрсеңіз, әлдебір күш бізді осындай өмірге дайындап жатқандай. Сізге иен аралда қатерлерден қорғайтын «Кинг-Гонк» немесе ғарыштық шабуылдан қорғайтын «Трансформерлер» керек секілді. Қоғамды қатерден сақтаушы «Өрмекші адам», «Жарғанат батыр», «Супермен», тағы басқа толып жатқан батыр кейіпкерлердей болғыңыз келмей ме! Адал да сүйкімді, романтик «Wall-E»-ді қалай жақсы көрмейсіз. "Био-химия адамды" сүйіп қалған жігіттің өмірі туралы фильм ғасырымыздың бас кезінде күшті аңыс тудырып еді. Міне, осының бәрі сізді болашақтағы өмірге дайындап жатқанын байқайсыз ба!? Егер қалталы болып, құлтемір роботыңыз болса, сіз одан пайдаланып өзгелерден кек алмаймын дей аласыз ба?! Кәдімгі адам күш-қайратты роботқа қалай төтеп бере алсын. Ал, бір миллиардер миллиондаған құлтемірге ие болса, ол бір елді басып алатын қуатты армия деген сөз.
Егер біз өз қоғамымызды ізгілікке құра алмасақ, әділдік орната алмасақ онда біз жасаған кез-келген затта әділдік пен ізгілік болмайды. Құлтемірлерді ізгілікке пайдалансақ та, ол бізден жауыздықты үйренеді. Себебі, біз оларды жасаушымыз. Бұл бізді айналадағы адамдарды жоғарыда айтылған кемшіліктерімен бірге сүюге, «адамзаттың бәрін бауырым деуге» шақыратын секілді...
Естай БОЖАН
“The Qazaq Times”