Мамандар тышқандарға тәжірибе жасап көргенінде, аштық сезімде жүру өмірді ұзартатынына тағы бір мәрте көздері жеткен. Дегенмен, бұл дәлелдеменің адамдарға қатысты қаншалықты рас екені әлі белгісіз.
Naked-science баспасөзінің хабарлауынша, америкалық Бригама Янга Университеті зерттеушілерінің қорытындысы бойынша, аштық рибосомалардың [Ребосома – тірі жасушалардың маңызды мембраналық емес органеллелары болып табылады – ред.] белсенділігін төмендетеді, ал сол органеллалар амин қышқылдары ақуызының биосинтезіне қызмет етеді. Яғни, рибосомалар белсенділігінің төмендеуі өзін-өзі қайта қалпына келтіру ресурстарын көп пайдалануға мүмкіндік береді және өз кезегінде организмнің қартаю жылдамдығын бәсеңдетеді.
Жаңа тәжірибенің аясында ғалымдар тобы тышқандарды екі топқа бөлді. Біріншісіне тамаққа шектеу жасаса, екінші тобына тұрақты тамақ рационын ұсынған. Бұл зерттеу 10 аптаға созылған, одан кейін тышқандарды ұйықтата бастады. Олардың бауырларынан рибосомалар бөлініп, кейіннен сол рибосомаларды бөліп жатқан ақуыздар мен РНК құрамына анализ жасалынды.
Нәтижесінде, тамаққа шектеу қойылған тышқандарда, екінші топтағыларға қарағанда, жасушаның бөліну қарқыны 25 пайызға азайған, ал жасушалардың өзінде рибосомалардың белсенділігі төмендеген. Сарапшылар зақымданған бөлшектердің жаңа рибосомалармен жылдам ауысу процесін байқаған. Бұл тәжірибе белгілі бір мөлшерде аш жүруге қатысты теорияның аспектілерін жақсы жағынан қарастыруға себепкер болды. Алайда, ғалымдар тышқандарға жасалған бұл тәжірибе адамдардың өмірін ұзартуына қаншалықты сеп болатыны туралы бір қорытындыға келген жоқ. Себебі, өздерінің айтуынша, адамдардың өміріне әсерін анықтауға бұл тәжірибе жеткіліксіз әрі шикі.
Жалпы, медицинаға не өзге де ғылыми дәлелдемелерге сүйенсек, ашығудың көптеген пайдасы бар. Қарапайым мысал ретінде, семіздіктен арылу, ішкі айналымды реттеу, тұрақты рацион қалыптастыру, қан айналым мен ас қорыту жүйелері жақсарту, ішкі организмді барлық зиянды заттардан тазалау. Себебі, адам баласының асқазанының саулығы бет-әлпетте көрініп тұрады. Сондықтан да бүгінгі таңда «аштықпен емдеу» деген түсінік қалыптасып, кәнігі профилактикалық емдеу тәсілі ретінде пайдаланылады.
Сонымен қатар, бұған дейін АҚШ зерттеушілері, белгілі бір деңгейде аш жүру түрлі аурулардың немесе қатерлі ісік ауруына шалдығу қаупін төмендететіндігін анықтаған.
«The Qazaq Times»