АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Түркіменстанды "ерекше алаңдаушылық туғызатын елдер" тізіміне қосуды ұсынды. Бұл туралы АҚШ-тың әлем елдеріндегі діни сенім еркіндігі жөніндегі комиссиясына сілтеме жасап, (USCIRF) "Орталық Азия хабар қызметі" жазады. 

USCIRF - АҚШ үкіметінің тәуелсіз кеңес беруші органы. Мекеме әлемде дін еркіндігінің сақталуына бақылау жасап, АҚШ Конгресіне, президентіне және мемлекеттік хатшысына саяси кеңес береді. Комиссияның 2016 жылға арналған есебі өткен аптаның соңында жарияланды.

Есепте Түркіменстан үкіметі "діни ұйымдарға тіркеуге қатысты қиын талаптар қойып, олардың қызметіне қатаң бақылау жасайды, тыйым салады және тіркелмеген ұйымдардың қызметі үшін қатаң жазалайды" делінген. Сол себепті Түркіменстанды "ерекше алаңдаушылық туғызатын елдер қатарына қосу" ұсынылған.

Атап айтқанда, комиссия АҚШ билігіне Түркіменстан үкіметіне қысым көрсету арқылы, елдегі ар-ұждан тұтқындарын босатуды талап етуін кеңес ретінде ұсынды.

Түркіменстанда ондаған адам діни айыптармен түрмелелерде отыр. Әдетте мұндай сотталушыларға туған-туыстары жіберілмейді, олардың темір тордағы тағдыры туралы ештеме белгісіз. Бұған қоса, Түркіменстан түрмелерінде ондаған саяси тұтқын отыр, олардың азаппен өлгені түрмеден өлі денесі шығарылғанда ғана белгілі болады.

“The Qazaq Times”