Иранның ядролық мәселесіне қатысты «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы» келісімшартына қол қоюшы елдер АҚШ-тың одан шығуына байланысты Иран экспортының төлемдерін жеңілдету үшін жаңа механизм құру ниетінде екенін жариялады. Оған мұнай саласы да кіреді, - деп хабарлаған «Deutsche Welle» .
Бұл Ұлыбритания, Қытай, Франция, Германия, Ресей және ЕО-ның БҰҰ-ның Нью-Йорктегі жабық отырысынан кейін жасаған мәлімдемелерінде айтылған.
«Елеулі нәтижелердің қажеттілігі мен өзектілігін назарға ала отырып, Иранның ядролық бағдарламасына қатысушы елдер төлем каналдарын дамытып, қолдау көрсетуді, әсіресе Иран мұнайымен қоса, оның барлық экспортымен байланысты төлемдерін жеңілдетуге арналған арнайы механизм (Special Purpose Vehicle, SPV) құру бастамасын құптайды», - делінген мәлімдемеде. Аталған елдер «Иранмен заңды бизнесті жүзеге асыру үшін өздерінің экономикалық операторларының еркіндігін қорғауға» дайын екенін де хабарлаған. ЕО дипломатиясының басшысы Федерика Могерини жаңа механизм құру туралы шешімнің қабылданып қойғанын, одан әргі жұмыстары үшін техникалық сарапшылардың тағы да кездесетінін хабарлады.
Үстіміздегі жылдың мамыр айының басында Дональд Трамп 2015 жылы Иран, АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия елдерінің арасында жасалған «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан» шығатынын хабарлаған еді. Аталған келісімшарт Теһранның өзінің ядролық бағдарламасын шектеуге қатысты бірқатар қадамдарды орындауға міндеттелген болатын. Есесіне, оған салынған санкциялар алынып тасталған еді. Кейін, Уащингтон одақтас-елдерінен ирандық мұнайды сатып алмауды талап етіп, әрі Иранмен ынтымақтасушы компанияларға санкция салатынын ескертіп, Иранға қарсы санкция енгізген еді. Дегенмен, Трамптың бұл шешімін сынаған өзге елдер (Келісімшартқа қол қоюшы елдер) Иранмен арадағы келісімшартты сақтап қалу ниетінде екенін мәлімдеген болатын. Енді, ЕО-ға мүше-елдер Иранмен заңды қаржылық операцияларды жеңілдетуге арналған заңды тұлға құрмақ. "Бұл — еуропалық компанияларға Еуропа Одағының заңына сәйкес Иранмен сауда-саттық жасасуға мүмкіндік береді", - деген Ф.Могерини.