Зейнетақы қорындағы ақша баспана немесе өзге де қажеттіліктерге беріле ме?
Тәуелсіз Қазақстанның 27 жылдық тарихында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сан мәрте реформаланып, сан мәрте жемқорлық дауына ілікті. Бірақ бүгін біз «БЖЗҚ экс-башыларының ішкендері мен жегендері» деген әдеби көркем шығарма жөнінде емес, «БЖЗҚ-ға жиналған қаржыны алуға бола ма, жоқ па?» деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.
Кеше Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарама төрайымы Нұрбибі Наурызбайева Астана қаласында өткен бас қосуда: «Қазақстанда заң бойынша зейнетақы қорындағы ақшаны баспана алуға немесе басқа да қажеттіліктерге беру мүмкіндігі қарастырылмаған» - деп мәлімдеді. Ол өз сөзіне дәлел ретінде Қазақстан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылғанына не бәрі 20 жыл ғана болғандығын, онда жиналған қыржының аса көп емес екендігін айтты.
Қазақстандықтар өздері жинаған қаржысын өздері ала алмаса да, оның қызығын шетелдік және отандық банктер көріп жатыр.
Мамыр айының 4-і күні парламент отырысында Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев: «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан банктерге инвестиция салатын бағдарлама қайта жаңғырды. Осы мақсатта БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңге қаржы алынады» - деп мәлімдеген. Ал бұған дейін БАҚ беттерінде БЖЗҚ-ның 71,3 миллиард теңге қаржысы Әзірбайжанның банкротқа ұшыраған банкіне салынғандығы жөнінде ақпарат тараған. Кейіннен сол кездегі қаржы министрі (қазіргі Астана қаласының әкімі) Бақыт Сұлтанов бастаған бір тоғыз Әзірбайжан банкіне салынған қаржы қайтарылатын болады деп, «желге ұшқан 71 миллиард теңге» мәселесін жылы жауып қойған.
Жалпы, табан ет, маңдай теріңмен тапқан қаржыңды ала алмайтын таң ғажайып сыйқырлы Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жөнінде көп дүние айтуға болады. Бұл сыр мен сыйқырға толы әңгіменің басым көпшілігі жаһандану дәуіріндегі Қазақстанның ажырамас бөлігіне айналған жемқорлық жөнінде болатынын ішіңіз сезіп те отырған шығар. Бірақ біз бүгін «БЖЗҚ экс-башыларының ішкендері мен жегендері» деген әдеби көркем шығарма жөнінде айтпаймыз деп айттық басында. Десе де, БЖЗҚ-ның бұрынғы басшысы Руслан Ерденовты 18 сәуір күні Алматы соты «қор қаржысын талан-таражға салды және пара алды» деп айыптап, 12 жылға бас бостандығынан айырғандығын айта кетейік.