Кеше, Алматы қаласындағы «Темучин» ресторанында, азаматтық алуда түрлі қиыншылықтарға тап болған қандастардың заңгер Абзал Құспанмен кездесуі өтті. Құқықтық кеңес беру, қандастардың азаматтық алуына кедергі болатын мәселелерді талқылау іспетті бұндай шара бұған дейін де «Адырна» бірлестігі мен «КЕШ» құқық қорғау орталығы бірлесе ұйымдастырған. Сонымен қатар Алматы қалалық әкімшілігі Ішкі саясат басқармасының тікелей қолдауымен қолға алынған «Отан оттан да ыстық» атты жобасы аясында өтіп келе жатқанын айта кеткен жөн.
Абзал Құспан: Мәселені шешудің жолдарын тапқандай болдық.
Кездесудің алғашқы сөз тізгінін алған Абзал Құспан қандастардың азаматтық алуына кедергі болып отырған бірнеше мәселені санамалап айтып өтті. Бұрын да айтылып келген бұл мәселелер көбірек орын алатын «төрт лидер» ретінде Алматы қаласы, Алматы обылысы, ШҚО және ОҚО. А. Құспанның айтуынша, осы аталған облыс, қалалардың жергілікті көші-қон қызметі құжат тапсырушы қандастардан ақша алып, өз пайдасына шешу үшін құжаттық мәселелерді мақсатты түрде қиындатып отырған жағдайлар да бар.
Ол сөзінде: «Мақсатымыз біреулерді ұстап соттатып жіберу емес, кешенді мәселені шешудің нақты жолдарын табу. Оның жолын тапқандай да болдық. Бұл мәселе туралы әлеуметтік желі мен БАҚ-та көтердік, мен енді аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, Астанада жоғары лауазымды басшылар мені қабылдады. Көші-қон полициясына қатысты құзырлы орыннан, Бас Прокуратурадан және Сыртқы істер министрлігінен. Үкімет бұл мәселені шешуге мүдделі. Олар осы туралы қоғамдық бірлестіктеріңіз болса, солар арқылы ауқымды түрде ортаға салып шешсек деп отыр. Сондықтан мен «Адырна» бірлестігімен жұмыс істеймін деп шешітім», – деді.
Заңгер жағынан қоғамдық бірлестікке нақты ұсыныс
Ол сонымен бірге жекелеген азаматтарға және «Адырна» қоғамдық бірлестігіне мәселені шешудегі өзінің нақты мынадай ұсыныстармен келгенін айтты:
- Әр апта сайын тұрақты бір күнді қабылдау күні етіп белгілеп, жекелеген азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау және оларға құқықтық кеңес беру.
- Кемінде екі аптада бір рет қандастардың шоғырлы орналасқан өңірлерде жоғарыдағыдай кездесу ұйымдастыру.
- Қандастардың арыз-шағымы негізінде жоғары билікке ортақ арыз жолдау (Себебі, құзырлы орындар үшін жекелеген арыздардың әрқайсысымен жұмыс жасау қиындық туғызады. Сондықтан, ұқсас мәселеге тап болған азаматтардың аты-жөні кірістіріліп, оның нақты қандай құзырлы орынның шешімі керек екенін анық көрсетін қоғамдық бірлестік атындағы арыз жазылу тиімді).
- Халыққа Қызмет Көрсету Орталықтарындағы бір терезелік жүйені Көші-қон басқармаларына да енгізу туралы ұсыныс жолдау.
Кездесу барысында белгілі болғандай, атамекенге келгеннен кейін де құжат мәселесін шеше алмай қиналып отырған қандастардың жалпы саны 50 мың шамасында. Заңгерлер тарабының пікірінше, үкімет үшін 50 мың адамның мәселесін шешу қиын шаруа емес, тек дұрыс жолмен жеткізілмей отыр. Олар және заңға да тиімді өзгерістердің енгізілгенін де айтып өтті. Бұған дейін дүдәмал болған мәселелер жақында парламентте тағы қаралмақ.
Заңгер Абзал Құспанның пікірінше, мәселенің бұған дейін шешілмей, күрделіленіп кетуі сауатты деңгейде министрліктің алдына апарып қоятын адамдардың жоқтығынан болған. Ал, Астанадағы отырған басшылық бұны шешуге мүдделі, олардың да айғай шудан құтылғысы келеді, бірақ, жергілікті жерде сыбайлас жемқорлықтың белгілері бар. Министрліктегі басшылардың қандастармен тікелей байланысының жоқтығы, бұл мәселенің шешімін қиындатқан.
«Адырна» бірлестігі қандай жұмыстар атқарып келді?
«Адырна» бірлестігінің осыған дейінгі жасаған жұмыстары негізінде 300-ден астам арыз-шағым қабылданған. Онда қанша адамның ықтияр хат мәселесімен, қанша адамның оралман куәлігінің мерзімінің өтуіне байланысты мәселемен, қанша адамның азаматтығының кешігіп жатқаны секілді нақты мәліметтері жинақталған.
Қандастардың азаматтыққа тапсыруына кедергілер бар делінген Еңбекші-қазақ ауданы Шелек ауылдық округіне барып, ондағы біраз келеңсіздіктерге куә болған. Осындай кедергілерге байланысты Есік қаласынан, Ұзынағаштан, Талдықорған қаласынан шағымдардың түсіп жатқаны айтылды.
Бірлестіктің заңгері Камиша ханым жергілікті көші-қон басқармаларының жұмысын қадағалау мақсатында тосын тексеру жұмыстарын алып баруды ұсынды. Себебі, осыдан бұрын бірлестік өкілдері Шелек ауылдық округіне барар кезде жергілікті әкімшілік тарабы алдын-ала хабар алып қойғандықтан, бірлістік өкілдерінің нақты жағдайды білуіне кедергі жасауға тырысқан.
Азаматтық алуға тікелей жол көрсету мақсатында «Қандастар» сайты (http://qandastar.kz/) да құрылған. Онда түрлі құжаттарды толтырудың нақты үлгілері және құқықтық кеңестердің қамтылған.
«Қарасай ауданында да тірлік күйіп тұр»
Кездесуге келген Қарасай ауданының азаматы Тұрғанай Жандарбекованың айтуынша, Қарасай ауданында да азаматтық алуға және құжаттарды рәсімдеуге байланысты кедергілер өте көп. Тұрғанай ханым келінінің азаматтық алу мәселесі бойынша 4 жылдан бері түрлі қиыншылықтарға тап болып келгенін айтады. Оның айтуынша, Қарасай ауданына қарасты көші-қон басқармасында жағдай тым күрделі. «Мекеменің алды күнде халыққа толып тұрады. Танысы бар немесе ақшасы барлар ғана бастыққа кіре алады», – дейді Тұрғанай ханым.
Қатысушы тарабынан айтылған мәлімет бойынша, алдағы уақытта, «Адырна» бірлестігі Қарасай ауданындағы мәселені де қолға алатын болды.
«Жебеу» қоғамдық қоры да селбесе жұмыс жасауға дайын»
Кездесуде «Жебеу» қоғамдық қорының төрағасы Омарәлі Әділбек те болды. Ол да мәселені ортақ шешуге ат салысатындарын жеткізді. Айталық, «Жебеу» қоры жинақтаған, бір кездері Қытайдан сотталмағаны туралы анықтама алдыру туралы талаптың заңнан алынып тасталмай тұрған кезінде, аталған анықтаманы ала алмай құжаттарының уақыты өтіп кеткен 50-ге жуық адамның арыз-шағымы жинақталған. Осы қатарлы бірқатар мәселелерді ортақлықтандырған жұмыс арқылы шешуге «Жебеу» қоры да дайын екенін, заңгер Абзал Құспанмен бұл бағытта жұмыс жасайтындарын көпшілік алдында айтты.
«Адырнаға» сенбеңдер, олар мәселені шеше алмайды»
Қытайдан оралған қандастар мәселесін және Қытайдағы қазақ мәселесін қолға алған қоғамдық ұйымдар арасында әлеуметтік желі арқылы осындай сөз таратқандары да болған. Кешегі кездесуге келуге талпынған бірқатар адамдарға белгілі бір қоғамдық бірлестік өкілдері осылай деп айтып, оларды кездесуге жібермей қойған.
«Адырна» өкілдері кездесу кезінде ол бірлестіктің атын ашып айтпады. Бірақ, "Адырна" өкілдері бұндай сөздерді осыған дейін де қандастардың мәселесімен айналысып келе жатқан белгілі қоғамдық ұйым екенін растады.
Кездесу мәресі
Кездесудің қорытындысы ретінде, заңгер Абзал Құспанның ұсынысы бойынша, «Адырна» бірлестігі және Абзал мырза мен Камиша ханым бастаған заңгерлер қыркүйектің 25-27 аралығында Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласына қызмет сапарымен баратын болды.
Тұрғанай Жандарбекованың берген мәліметтері бойынша, Қарасай ауданына да осындай қызмет сапары жасалады. Ондағы нақты мәселелер туралы мәліметтер топтастырылады.
Арыз-шағымдар, жиналған деректер негізінде мәселені орталықтандырған жұмыс күйінде шешуге, ортақ арыздарды Астанадағы жоғары билікке жеткізілмек. Осы негізде жергілікті көші-қон мекемелерінің жұмыс тәртібіне қадағалауды күшейту талабы да қойылуы мүмкін. Тіпті, кейбір заңдар алдағы уақытта Парламентте қаралады.
«Адырна» шеттен келген қандастарға ескертеді:
- Бірлестіктің «Отан оттан да ыстық» жобасы аясында жүзеге асырған, қандастарға құқықтық қызмет көрсетуге арнайы жедел желі 24 сағат қосулы. Одан құжаттар тапсыруға қатысты кез-келген сұраққа жауап ала аласыздар!
Жедел желі: 8778 808 77 08
+7 727 983 51 33
- «Қандастар» сайтынан – ( http://qandastar.kz/ ) аталған мәселеге қатысты барлық информацияларды ала аласыз.
- Онда Азаматтық алу, жұмыспен қамту, білім беру, құқықтық көмек көрсету, арыз-шағымдар мен құжаттарды толтырудың нақты үлгілері көрсетілген.