Сүрияның Идлиб аймағында Башар Асад режимі Ресейдің қолдауымен қарулы операцияларын бастауға жақын тұр. Бұл Сүриядағы азаматтық соғыстың соңғы сатысына жеткенінен хабар береді. Себебі, бұл елдегі оппозиция күштерінің соңғы тиянағы. Идлибте қарулы қақтығыс басталса бұл Сүрияның өз ішіндегі ғана емес, әлемнің бірқатар еліне, соның ішінде АҚШ пен Еуропа, Ресей, Түркия, Иран, Израиль қатарлы елдермен өңірлерге өзінің әсерін тигізеді. Оның себебі осы аталғандардың Сүрия дауында өзіндік мүдделері мен мақсаттарының болуында.
Сонымен, Сүрия азаматтық соғысының нүктесі қойылуы мүмкін Идлиб аймағының стратегиялық маңызы неде? Ең әуелі Идлиб Түркия шекарасында орналасқан. Бас қала Дамаск пен Түркия арасындағы маңызды өткел. Ел ішінде Алеппо мен Хомос, Хама және Дамаскіні жалғастырады. Бұдан тыс, Жер-орта Теңізіне жағасындағы Латекия сынды маңызды экономикалық аймақты Сүриядан бөліп тұр.
Соңғы жеті жылда Идлиб көтерілісшілер мен жиһадшылардың шылауында болып келді. Әрі, бұл аймақтағы тұрғындардың басым көбі Сүрияның жер-жеріндегі соғыстардан бас сауғалап қашып келгендер. БҰҰ мәліметіне сенсек, аймақта 3 млн шамасында халық тұрады. Оның миллионға жуығы балалар.
Идлибтегі үкіметке қарсы құралдылардың әлеуеті сірә қай деңгейде? Идлибте соғыс оты тұтанар болса, шегінерге жолы жоқ үкіметке қарсы күштер, Башар Асадқа табандап тұрып қарсылық танытуы мүмкін. Бұл соғыстың қиян-кескі болатыны анық. Үкімет армиясына оларды жеңу оңайға соқпайды. Мәліметтерде айтылуынша, бірнеше ұқсамаған қарулы топтардың бақылауындағы аймақта 30 мыңнан астам қарулы жауынгер бар.
Бұлардың арасында «Хайат Тахир әл-Шам» деп аталатын топ ең ықпалды. Бұл топ мүшелерінің саны 10 мыңнан асады, басым көбі шетелдерден келген экстремистер құрайды. Арасында, орта-азиялықтар да көбірек топтасқан. «әл-Каидамен» байланысы тығыз бұл топ Идлибте ең ауқымды территорияны өз бақылауында ұстап тұр. Айталық, провинция орталығы мен Түркия-Сүрия арасындағы қатынас дәліздері солардың қарамағында.
Екінші орында Түркия қолдауындағы «Ұлттық бостандық фронты» тұр. Оларға бірнеше исламшыл қарулы топтар да қосылған. Соның бәрі «Азат Сирия армиясының» қатарына жатады.
Башар Асадқа қарасты үкімет армиясының қуаты қаншалық? Сүрия азаматтық соғысының жеңімпазы Башар Асад болатыны белгілі болғандай. Оған қарасты үкімет армиясын Ресей әуе күштерімен, Иран жаяу әскерлерімен желеп-жебеп отыр. Орыс ұшақтарының әуе соққылары мен парсы жауынгерлерінің құрлықтағы операциялары оппозицияны көп аймақтан кері шегінуге мәжбүр етті. Бұндай қолдауға ие болған Башар Асад өзіне қарсы топтарды Дамаск маңынан түре қуып, Идлибке дейін тықсырып әкелді.
«Идлибты азат етпей қоймаймыз». Бұл жақында Сүрия СІМ басшысы жасаған мәлімдемеде белгілі болған сөз. Сыртқы істер министрі жақын арада үкімет Идлибті азат ету әрекетін жүзеге асыратынын, адам шығынын азайту мақсатында келіссөздерге де жүгінетінін, алайда, мейлі қандай жолмен болса да, Идлибті Дамаскіге қаратпай қоймайтындарын айтқан.
Бұған Мәскеу жарыса үн қосып: «Үкіметтің өз территориясын террорлық топтардан тазартуға құқығы бар», – деді. Алайда, Түркия үкіметі Мәскеумен келіссөздер жүргізіп, әскери қадам жасаудан бас тартуды ұсыныс етті. Себебі, Идлибте Түркия армиясы орналасқан. Олар аймақтағы келісімдердің орындалуына қадағалаушылық етіп келді. Оданда маңыздысы, Идлибте соғыс болса, Түркиядағы 3,5 млн-ға жуық сүриялық босқындары саны одан арман көбейеді.
800 мың адамдық босқындар ағыны – Түркия мен Еуропаның басты уайымы. Өткен аптада ғана БҰҰ мәлімдеме жасап, Идлиб қақтығысы орын алса, 800 мың босқынның қоныс аударуы мүмкін екенін айтқан. Әрі, Идлиб соғысы аймақта бұрын болып көрілмеген әлеуметтік дағдарысқа себепші болады деп те ескерткен. Идлибтегі жүз мыңдаған тұрғын онсызда күйреген экономика мен дағдарысқа толы қоғамда қалт-құлт етіп жан сақтап келе жатыр. Бораған оқтан бас сауғалаған босқындарға Түркия өз шекарасын бірден аша салуы да неғайбыл.
Ара-ағайын не дейді? БҰҰ-ның Сүриядағы арнайы өкілі Стефан де Мистура Ресей мен Сүрия үкіметіне қаратқан сөзінде: «Жиһатшыларды жоғалтамыз деп, жүз мыңдаған жай бұқараның өміріне қорқыныш ұялатпаңдар», – деді. Ол және дағдарысты келіссөз арқылы шешуді, бейбіт тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіріп кету үшін гуманитарлық коридор жасауды ұсынды.
Сүрия мәселесі азаматтық соғыс іспетті көрінгенімен, ол тұтас өңірді қамтып жатыр. Бұл додада «әл-Каида» сынды ықпалды террорлық топтардан тартып, Түркия, Иран, Израиль сынды аймақтың негізгі ойыншылары, АҚШ, Ресей секілді әлемдік державалар да салым салып жатыр.
Сүрия азаматтық соғысы аяқталуы Башар Асадтың жеңісі ме? Қысқаша айтқанда бұл Башар Асадтың түбегейлі жеңісі емес. Оппозициялық күштер жеңіліс тапқанымен, Асад режиміне деген Батыс елдерінің қысымы толастамайды. Керісінше қыл бұрау одан сайын қыса түседі. Себебі, АҚШ пен Израиль және оның Парсы шығанағы мен Қызыл теңіз арасындағы одақтастары Сүрияның мәселесін Иранға қарсы соғыс майданы ретінде қолданатыны көптен айтылып келеді. Сүрия мәселесіне нүкте қойылған күннің өзінде, Орта Шығыста жанжалдың оты өше салмайды. Алда, Иран мен Ауғанстан мәселесі Батыстың күн тәртібінде тұрғаны анық.