28-ші Қысқы Универсиада-2017-ні өткізу аясында құрылған Штабқа Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғұмбаев жетекшілік етті. Штабтың қорытынды отырысында спорттық іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық тәртібін сақтау міндеттеріне кірген ведомстволардың жұмыс нәтижелері айтылды деп хабарлайды Алматы қаласының ІІД Баспасөз-қызметінен Гүлнар Жаманқұлова.
«Ағымдағы жылдың 28 қаңтары мен 9 ақпаны аралығында Универсиада-2017 өткізу аясында дер кезінде қылмыстың алдын алу мен жолын кесу үшін Алматы гарнизонының жеке құрамы (ІІД, ТЖД, Алматы қаласы мен Алматы облысының ҚАЖД, сондай-ақ Ұлттық ұланның аймақтық қолбасшылығы) күшейтілген қызмет тәртібіне көшірілді. Спортшылар орналасқан және спорт шаралары өткізілетін жерлерде қоғамдық тәртіпті сақтауға 7 мың 800 полиция қызметкерлері және Ұлттық ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері жұмылдырылды. Олардың 2 мыңнан астамы қала көшелері мен қоғамдық орындарда кезекшілік етті. Сондай-ақ, осы жұмысқа Алматы ІІМ Академиясының 500-ге жуық тыңдаушылары және 2 мың 123 жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері де тартылды. Алматы қаласы мен Алматы облысының Ішкі істер департаменттерінің жедел-тергеу топтары да күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді»,- деді министрдің орынбасары.
Қабылданған шаралар нәтижесінде қаңтар айында қылмыстық құқықбұзушылықтардың жалпы саны 13,3%-ға, қоғамдық орындарда жасалғаны – 7,5%-ға, көшедегі тәртіп бұзу – 33,5%-ға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 48%-ға азайғаны байқалады. Тонау – 5,6%-ға, бұзақылық – 14,3%-ға төмендеген. Тұтастай алғанда, қаладағы жедел жағдай тұрақты. Қылмыс үрдісі 10,8%-ға азайған.
Универсиада нысандарында өткізілген іс-шаралар кезінде 1 қылмыстық, 13 әкімшілік құқықбұзушылықтар, сондай-ақ жеке мүліктің жоғалуының 11 дерегі тіркелді. Сонымен қатар, 11 адам жарыс билеттерін алып-сатумен айналысқаны үшін ұсталды, белгіленбеген жерде сауда жасағаны үшін 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ спорт нысандарында орналасқан дүкеннен күрте ұрлаудың 1 дерегі тіркелді. Күдікті бірден анықталып, «ізі суымай» қолға түсті. Универсиада нысандарында тиісті тәртіпті қамтамасыз ету мен билеттерді алып-сату әрекеттері орын алмас үшін ІІД қызметкерлері арасынан қосымша топтар құрылды. Нәтижесінде алыпсатарлардан 500-ден астам билет тәркіленді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала жолдарындағы жағдайды тұрақтандыруға байланысты шаралар қабылданды. Алматы қаласында жол қауіпсіздігін бұзғандарға жедел шаралар қолдану үшін 10 стационарлық бекеттер қойылды. Осындай бекеттер Алматы қаласына кіреберістегі Алматы облысының аймақтарына да қойылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 59 мыңнан астам Жол қозғалысы ережесін бұзушылық анықталды, оның ішінде көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 162 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде зардап шегушілері бар жол-көлік оқиғаларының саны 10,4%-ға, кісі өлімімен аяқталғаны 44,4%-ға, оның ішінде балалрдың қатысуымен болған, бұл ретте бірде-бір бала қаза болған жоқ, жол-көлік оқиғалары 17,4%-ға азайды.
Республикалық ведомствоаралық жедел Штаб жұмысын қорытындылаған Ерлан Тұрғұмбаев: «Бүгінгі таңда барлық сайыстар аяқталды. Қазір Универсиада қатысушылары қайтып жатыр. Алматының Халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалынан кетіп жатқан шетелдік азаматтарды тіркеу жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жалпы, студенттік ойындар кезіндегі қауіпсіздікпен қамтамасыз ету туралы Ішкі істер министрлігі және арнайы қызмет, өзге де құқық қорғау органдары тарапынан ұсынылған тұжырымдама тиімді жүзеге асырылды. Сондай-ақ БАҚ арқылы жарияланған жол қозғалысына енгізілген түзетулер туралы ресми хабарламар мен өткізілген шараларға түсіністікпен қараған жұртшылық та өз үлесін қосты. Айта кетейік, бұл күндері республикалық және аймақтық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында ауқымды халықаралық оқиғалар өткізу кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы 176 ақпарат жарық көрді»,- деді
«The Qazaq Times»