Айналамыздағы жайттарға зейін қоймайтын кездеріміз көп. Тірі жан тіршілігін жасап, әркім өз шаруасымен арлы-берлі ағылып кете барады. Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінде арбаға таңылған бойжеткеннің есіктен сыртқа шыға алмай жанталасқанын көргенде, мүгедектер мүддесінің ескерусіз қалғанын сезіндім. Осы көріністен елімізде кемтар жандар мен мүгедектерге қарасты жағдайлар қаншалықты деген сауал туындайды.
Бүгінгі таңда әлемде халықтың 15%-ы мүгедектер тобынан тұрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сай, жер бетінде 500 миллионнан астам мүгедек адамдар бар. Ал Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар жалпы халықтың 4-5%-ын құрайды. Олардың 300 мыңға жуығы еңбекке қабілетті. Бірақ, барлығы дерлік жұмыспен қамтылмаған.
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша 27,8 мың инфрақұрылым нысандарын паспорттау жүргізілді. Дегенмен, мүгедек жандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектен бөлек, еліміздің кейбір аймақтарында пандустар жалпы талапқа сай орындалмаған. Мәселен, биыл Жамбыл облысында 209 ғимараттың арнайы мүгедектер қажеттілігіне сай еместігі анықталды. Облыстағы 44 мыңнан астам жарымжан жандарды оңалту мақсатында бюджеттен 662 миллион теңге бөлінген. Алайда, олардың жағдайы бақылауда болса да, шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Ресми мәліметтер бойынша, өңірде жалпы саны 44239 мүгедек бар болса, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалардың саны – 5485. Тараздағы ғимараттардың 80 %-ы пандус талапқа сай орнатылмағаны белгілі болып отыр. Шаһарда арнайы жабдықталып, кедергісіз жүріп тұруға бейімделген ғимараттар 20% ғана.
Бүгінде кез келген мекеменің мүгедектер үшін қолжетімді болуы үлкен маңызға ие. Негізгі талаптар бойынша ғимараттарға тактильді плитка төселу қажет. Себебі, кафель үстінде сау адамның өзі тайғанап жүре алмайды. Ал арбадағы стандарт қолұстағыштың арасы бір метр қашықтықта жасалынуы қажет. Оның біріншісі 90 метр, ал екіншісі 70 см биіктікте болуы тиіс. Бірақ, пандустардың басым бөлігі стандартқа сай емес. Пандустардың бетін сырғанақ кафельдермен жабады. Елдегі кейбір ғимараттар зағиптарға бейімделген болса, құлақтары естімейтін жандарға арналған арнайы қоңыраулар жоқ. Демек, инфрақұрылымдық негізде толыққанды қамтамасыз ету қарастырылмаған. Ережеге сай келмейтін, талаптарды орындамаған жауапсыз мекемелерге 50-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы қажет.
2006 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектерді қорғау туралы конвенциясына қол қойды. Яғни елдегі мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамның толық мүшесі ретінде кіріктіріп, мемлекеттік қолдау көрсету басты мақсат саналуы қажет. Кемтар балаға бар ғұмырын сарп еткен ата-ананы әлеуметтік қызметкер қатарына қосып, тиісті көмек қолын созу міндет.
Түйін
Бұралаң-бұлтарысы көп өмір жолында мүмкіндігі шектеулі жандардың азабын жеке бас мәселесі ретінде көретін сияқтымыз. Ел арасында қоғамдық пікір мен мемлекеттік көмектің жөнді жүзеге аспайтыны қынжылтады. Ешбір адам жарымжан өмірді тілеп алмайды. Біреулер туғанынан мүгедек атанып жатса, енді біреулері аяқастынан кемтарлыққа тап болады. Мүгедек жан – қоғамның толыққанды мүшесі. Күн тәртібінде тұрған мәселе шешімін тауып, мүгедектер мүддесі өз маңызын жоймасына сенеміз.