Жақында АҚШ президенті Дональд Трамптың Reuter агенттігіне берген  сұхбаты жарияланды. Сұхбатта әлемдік саяси және экономикалық мәселелер туралы әңгіме өрбиді. Трамп доллар бағамының ертеңіне де жете тоқталып өтті. Ендігі кезекте сұхбаттағы негізгі жауаптарды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Түркия. «Қазіргі таңда бұл мемлекеттің әрекеті мен үшін өте аянышты. Олар долларға қарсылық білдіруімен қатар, Америка елшісі Брансонды қамауға алу арқылы өрескел қателікке бой алдырды. Енді шегінуге жол жоқ. Қандай жағдай болмасын, Брансон біздің нағыз патриотымыз боп қала бермек. Түркияның экономикалық жағдайына келетін болсақ, мені ештеңе алаңдатпайды, әрі маған қатысы жоқ! Ал санкция мәселесі жайлы нақты пікір білдірмеймін. Мен Түркияны жақсы көремін. Маған ондағы қарапайым халық ұнайды. Өздеріңіз білетіндей, Түркия президентімен жақсы саяси қарым-қатынаста болдық. Бірақ, бұл деген біржақты келіссөздің болатынын білдірмейді».

Биыл түрік лирасы 38%-ға құнсызданған. Оған Анкарадағы АҚШ елшілігін атқылау және S&P Global, Moody’s Түркияның ұзақмерзімді рейтингісін төмендетуі түрткі болған. Түркиядағы инфляцияның ондаған пайызға жетуі экономикалық дамуды тежейді. Жақында Катар мен Түркияның өзара валюта айырбастау туралы екіжақты келісімінен соң түрік орталық банкіне 15 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылады. Бұл Ердоған үшін жағымды жаңалық болса да, доллар бағамының жан-жақтан қыспаққа алуы қуанышты ұзаққа созбайды.

Қытай. «Сауда соғысы мен қарама-қайшылықтарда уақытша жағдайлар болмайды. Менің ұғымымда қысқалық жоқ. Тек шексіздік бар. 11 қарашада Қытай төрағасымен кездесуден де ештеңе күтпеймін. Ол оған әлі дайын емес деп ойлаймын. Қазір Қытайдағы жағдайға байланысты Оңтүстік Корея көмек көрсетеді деген сыбыс бар. Алайда, олардың қамқорлығы күннен-күнге азаяды. Сауданың құлдырауына байланысты. Қалғанын уақыт көрсете жатар».

Таяу Шығыс. «Мен үнемі Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайларды бақылап отырамын. Біз Таяу Шығысқа ешқашан аттап баспауымыз қажет еді. Америка тарихындағы ең басты қателік те осы. Эрик Прансқа келер болсам, мен оның бірде-бір жоспарын талқыламаймын».

Солтүстік Корея. «Мен Кимді 3 ай бұрын кездестірдім. Киммен өте жақсы «химиялық» байланысымыз бар. Путинмен де дәл солай. Арамызда химиялық реакция жылдам жүреді. Оңтүстік пен Солтүстік Корея басшылары 30 жыл бойы тер төккенде,мен ядорлық жарылыстарды дереу тоқтаттым. Резонанс туды. Жапония әлі де таңқалуда. Не болуы қажет? Оны көре жатармыз».

Ресей . «Екі ел бір-бірімізге керемет қолдау таныта аламыз. Мүмкіндік көп. Ресей президентімен өткен Хельсинкидегі жабық кездесуде Сүриядағы жағдай, Ресейдің Қырымды аннексиялап алуы және Израильдің қауіпсіздігі жайлы айтылды. Санкция туралы сөз болған жоқ. Ресей АҚШ-тың мүддесі үшін Украина мен Сүрияда кері шегінуі тиіс. Санкция салуды доғару үшін басты шарт та осы. Олай етпесе, ғаламдық негіздегі мәселелердің артпасына кім кепіл?!».

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ-тағы президент сайлауына Ресейдің араласқаны үшін Конгреске жаңа заң жобасы енгізілген болатын. Құжатта Ресейдің «Сбербанк», «Газпромбанк», ВТБ, «Внешэкономбанк» сынды ірі банктерінің жұмыс істеуіне тыйым салу қарастырылған. Жаңа заң Ресейдің дербес қарызына байланысты транзакцияға шектеу қоюды мақсат етеді. 2014 жылы Ресейдің Украина шығысына жасаған агрессиясы мен Қырымды аннексиялағаны үшін Вашингтон Мәскеуге санкция салды. Содан бері екі держава арасындағы кикілжіңнің салдары АҚШ салған сансыз санкцияларға ұласып келеді.

P.S: Америка – көжегін арбаған аждаһа сынды әлсіздерге күш көрсете алады. «Мендік эгосы» жоғары Дональд Трамп күн тәртібінде тұрған доллар бағамы жайлы сауалға: «Меніңше, Қытай өз қаржысын манипуляция ретінде пайдаланып отыр. Еуро да дәл солай. Алдағы уақытта еуроны басып озамыз. Қандай жағдай болса да, мен жеңіске жетемін!» – деп жауап берді. Демек, көптеген халық үшін фобияға айналған доллар бағамы әлі де көтеріледі деген сөз. Жасыл қағаз бағасының артуы біршама мемлекеттердің қаржылық, экономикалық жағдайына сөзсіз ықпал етеді. Оның ішінде Қазақстан да бар.

"The Qazaq Times"