Екінші әңгіме...
Мен кетерімде жаңағы вагон депосы бастығының телефон нөмірін алдым және оған «мен саған телефон соқпай кабинетіңнен шықпайтын бол, қашан босайтыныңды өзім хабарлап айтамын, оған дейін сен тұтқындағы адамсың» деп, көзіне шұқып ескертіп кеттім. Оның қарсы сөз айтуға жағдайы жоқ болатын. Беті бозарып, көзі алайып «түсіндім, түсіндім, орнымнан қозғалмаймын» деді екі қолын тас төбесіне қойып.
Үшеуміз салып ұрып, Турчанкаға жеттік. Келген соң көрсетілген мекен-жай бойынша әлгі жолсеріктің үйін тауып алдық. Ендігі мәселе оны үйінен ешбір секем алдырмай шығарып алу. Егер ол артына қуғын түскенін білсе, біреулерге хабар беріп қояды, не қашып кетеді. Осыны ойлаған мен милиция Батырханды оның үйіне кіргіздім. «Қалай да алып шығатын бол» деп тапсырғанмын. «Қазір үйінен суырып алып, желкесінен дедектеткен күйі алып келемін» деп, Батекең ерленіп кеткен. Алдындағыдай емес, менің бастықты қорқытқаным оған да жал бітірсе керек, Батекең атына сай батыр болып алған. Бірақ, екі-үш минутқа жетпей ол сүлкіні түсіп қайта шықты.
– Ау, не болды, тез шықтың ғой, не деді?
– Орыстың боғауыз сөзінен бірнешеуін айтты да, «кет бұл жерден» деді.
Мынаның қорлығы тіпті ашуландырды. Қазір мықты екеніңді көреміз деп ойладым ішімнен. Содан әлгі түрікті аңдып, он-жиырма минуттай күттік. Алайд,а оның шығатын түрі байқалмайды. Бұл жерде көп тұрсақ, көзге түсіп, басқалардың назарына ілінуіміз мүмкін. Онда бізге жақсылық жоқ. Содан мен тағы да бір айлаға көштім. Өйткені, вагон депосындағылардың жұмыс жүйесінен хабарым бар, алдында сұрап алған едім. Сонымен, киімімді алқам-салқам қылып киіп, бетіме аздап май-сұй, шаң-топырақ жақтым, шашымды да ұйпа-тұйпа қылып қойдым. Сөйлеу мәнерімді де өзгерттім. Қолыма оның аты-жөні жазылған қағаз ұстап, шақырушы кейпіне ендім. Вагонда жолсеріктер жетіспей қалғанда осындай адамдарды жіберіп, оларды депоға қайта шақыратын. Осыны пайдаға жаратпақ болған мен оның үйіне өзім кірдім.
– Сен кімсің, жаңағы милициямен бірге жүрген жоқсың ба? – деді ол кірген жерден маған ежірейе қарап.
– Жоқ, ол қандай милиция? Мен сізді жұмысқа шақырып келіп отырмын. Бастық жіберді, – дедім.
Анау да бір қу аяқ екен, маған бірден сенбей, сұрақтың астына ала бастады.
– Бізде істейтін кімдерді білесің?
– Мені кадр бөлімі жұмысқа алған, онда Фарида Түгенбаева істейді, –деп атын зырылдаттым.
Өйткені, бері шығарда депода істейтін бастықтардың біразынын аты-жөнін жазып алғанмын.
– Біздің старший кім?
– Бәленше Түгеншеев.
Бәрін сақылдатып айтып тұрмын.
– Өзің қай жерденсің?
– Матайданмын, – деп әдейі өзім білетін жерді айттым.
– Матайға кіре қалғанда не бар?
– Матайға кіре берісте үлкен көпір бар.
– Одан кейін не бар?
– Одан кейін интернат бар, мына жерде су мұнарасы, ана жерде вокзал бар.
Ол маған сенді. Өзі отыз бес жастар шамасындағы түрік жігіт екен. «Қазір киініп шығамын» деді. Содан екеуміз автобусқа отырдық. Батырхандар машинамен бізден бөлек кетті. Автобуспен бір аялдамаға дейін жүрген соң мен оны шап беріп ұстап, қолына кісен салдым да «сен тұтқындалдың» дедім. Және кісеннің екінші басын өз қолыма салып алдым. Ол «тырп» ете алмай қалды. Алданғанын біліп, қорыққанынан көзі аларып сала берді. Мен оны салған бойы вокзалға әкеліп, милиция бөліміне кірдім де, ұстау бұйрығы бар қағазды көрсеттім. Олар жаңағы түрікті камераға қамап тастады. Көп өтпей Батырхандар да келді. Ол келген соң біз әлгі жолсерікті Шуға алып жүрдік. Жолда ебін тауып қашқысы келді-ау деймін, ол «дәретханаға барамын, бүйтемін, сөйтемін» деп бұлталақтады. Бірақ, мен кісеннің бір басын қолымнан шығармай, оны қайда барам десе де, қасынан қалмай қойдым. Шуға таяғанда басқа амалы қалмаған ол енді мені парамен шырғаламақ болып, қалтасынан бір буда ақша ұсынды. «Осыны алып мені қоя берсеңші, қателік жасап, кінәлі болған шығармын, бірақ бір жолға кешірім жасап, қоя бере салсаңшы» деп алдамақ болды. Алайда, мен онысын елең құрлы көмедім. «Олай болмайды, мен мемлекеттің адал қызметкерімін, капитан шенім бар, қылмыскерді ұстап, әділ жазасын алуына қызмет етемін» дедім.
Шуға келдік те, оны камераға тоғытып жібердік. Сөйтіп, тұп-тура үш күн дегенде Сарышағанға жетіп, жұмысыма да үлгердім.
Кейін әлгі түріктің істеген қылмысын мойнына қойып, төрт жылға соттап жіберді. Ол тек менің ағамды ғана емес, бақа да адамдарды ұрып-соққан екен. Содан қайтып жаңағы пойызда бұрынғыдай қылмыс жасау шорт тоқтады. Қазақта «мың асқанға бір тосқан» деген сөз бар ғой. Жаңағы жолсерік әлінен асып, асқақтап алған екен. Және өзін жөнге салатын жігітіне кезікпей жүрген секілді. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» деген. Мен оның өзінен зор шығып едім, жынын алған бақсыдай, сүмірейді де қалды. Тіпті, төрт жылға сотталып кете барды.
Сонымен, милицияның қолынан келмеген істі намыстың жетегінде мен істедім. Шыны керек, өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен дейді ғой, менің жаңағыдай образға кіріп, жасанған жағдайымды екінің бірі істей алады деп айта алмас едім. Оның өзіне еп пен қатар, жүректілік және жігер қажет. Айла мен әдіс, орайды дөп басатын қағылездік те керек. Өзімді мақтағандай болмайын, бірақ келер ұрпақ осыдан бір сабақ ала жүрсін деп ақ қағазға түсіріп отырған жайым бар. Айтпақшы, сол операциямыз үшін мен алғыс хатпен марапатталдым, ал Батырхан шені өсіп, капитан болды. Ол кісімен кейін де үнемі қарым-қатынас жасап тұрдық. Үйімізге де талай келіп, қонып кететін. «Әй, Кендай сен нағыз іскерсің ғой, сенің қасыңда Москвадағы барлаушылар түк те емес, сенің тәжірибеңнен маған кішкене болса да берсе ғой, ә!» деуші еді марқұм. Өзі біраз уақыт бұрын дүние салды.
Кендай Ахметовтың "Мерейлі отбасы" кітабынан алынды
Соңы
«The Qazaq Times»