Қазірге дейін, АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысы бір ғана кеден салығын салу және оның мөлшерін көбейтумен шектеліп келеді. Әлемнің алдынғы екі орнында тұрған елдер бір-бірін жаңа әрі салмақты санкциялармен үрейлендіріп, бір-бірінің саясатын сынап-мінеуде.

Жыл басынан бері Уашингтон бірқатар қытайлық тауарлардың кіруіне шектеу қоя бастады. Бейжің де өз кезегінде қарымта соққысын аяп қалған жоқ. Десе де, экономист, сарапшылар Қытай үкіметінің сауда соғысына пайдалануға дайындалып отырған төрт бірдей қауіпті қаруының бар екенін айтады.

1 Америкалық компаниялардың жұмысына әсер ету

Ол үшін Қытай үкіметі билік салық тәртібін қатаңдастырып, Қытайдағы халықаралық бірлескен компаниялардың өндіріс бағасын өсіріп жібере алады. Оның үстіне мұндай шараларды жасауға Қытай үкіметінің тәжрибесі жеткілікті деп қарайды сарапшылар. Сарапшылар және екі елдің арасындағы текетірес жағдайға талдау жасай отырып, бұндай позицияда екі ел теңдей ауыр шығынға батуы мүмкін деген пікірде. Себебі, екі жақ та осыған дейін экспорттауға сұранысы күшті өндіріске салған инвестициясын азайтады.  Соның нәтижесінде бәсекелестік төмендеп, аларман үшін таңдау болмайды. Бұл зат бағасын өсіріп, тауар тапшылығын да тудыруы мүмкін.

2 Трамптың уақыты шекті, Ши Жинпиң асықпайды

Қытай басшысының өкілеттік мерзімін шектеу туралы конституциялық талаптар алынып тасталған. Бұл Қытай басшысы Ши Жинпиңді  АҚШ-пен болған сауда қақтығысына тез және қысқа мерзім ішінде жеңіске жету керек дейтін қысымнан құтқарған. Керісінше 4 жылдан екі кезек сайланатын АҚШ президенттерінде өз саясаттарын тиянақты аяқтауға уақыт жеткіліксіз.

Сауда қақтығысын шешу үшін ұзақ уақыты бар Қытай үкіметі осы басымдығынан пайдаланып, басқа мемлекеттермен сауда байланыстарын біртіндеп арттырып, соңында АҚШ-ты оқшаулап тастауға мүмкіндігі бар. Кейбір сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Бейжің билігі қазірдің өзінде Азия, Еуропа және Латын Америкасында осындай ойындарды бастап кеткен.

АҚШ-Қытай сауда қақтығысын жан-жақты талдаған сарапшылар, Қытай билігі бірнеше мемлекеттің басын біріктірген Транс-Тынық мұхиттық еркін сауда келісімінің лидері болып қалуы мүмкін деген пікірді де ортаға салады.

3 Қытай Юанын девальвациялау

Егер Қытай үкіметі өткір әрі шұғыл шабуылға өтемін десе онда юанды девальвациялайды. Қытай ақшасының нарығы төмендейтін болса, оның Қытайға беретін пайдасы екі есеге жоғарлай түспек. Себебі, Қытайдың экспорты арзандайды және Қытайдағы АҚШ тауарлары қымбаттайды.

Алайда, Қытай үкіметі үшін бұл шешімді жасау және оны орындау оңай шаруа емес. Экономистердің болжауынша, Бейжің билігі өндірушілерді қолдау үшін қаржы салады және юанның нарығын төмендетеді. Бұндай валюталық шабуыл тез арада жеңіске бастайды. Алайда, бұл шара Қытай экономикасында бұған дейін салмағы сезілмеген қайшылықтарды өршітіп, жаңа былықпалықты тудыруы мүмкін.

4 Құнды қағаздар

Соңғы 20 жылдың ішінде Қытай америкалық құнды қағаздарды көптеп сатып алып, үкіметтік облигацияларға көптеп қаржы салған. Егер Бейжің тарабы бұл құнды қағаздардың көп бөлегін сатуға шығаратын болса, әлемдік нарықта жер сілкінгендей болар еді. Себебі, америкалық құнды қағаздардың бағасы күрт түсіп, америкалық компаниялар мен тұтынушылар үшін несиенің бағасы шарықтап кетеді. Бұл АҚШ экономикасының өсімін азайтады.

Дегенмен, бұның зардабы Қытайдың өзін де оңдырмай соғады. Себебі, америкалық құнды қағаздар сыртқа шығып кетсе, Бейжің билігі үшін оның орнын басатын сенімді инвестициялық кепіл табылмайды. Бұған қарап, кейбір сарапшылар, Қытай сауда соғысынан шығып кетпесе де, қақтығысты өршіте түсетін бұндай қадамға бара қоюы екіталай деп қарайды.

Екі елдің сауда соғысы туралы ой жүгірткен сарапшылар, соңғы нәтиже кімнің алапасын асыруы мүмкін деген сұраққа да бірдей жауап бермейді. Біреулер, қуатты экономикасына таянып Құрама Штат қақтығыстан жеңімпаз болады десе, енді біреулері Қытайдың қолда бар мүмкіндіктері АҚШ-тан көбірек деген уәж айтады. Қалай деген күнде де екі алпауыт арасындағы айғай-сүрен күшейсе, айналасындағы елдерді де даудың лебі шарпитыны анық.

“The Qazaq Times”