Қытай үкіметі мен ҚКП-ның жоғары лауазымды өкілі Ішкі Моңғол автономиялы регионына жасаған сапары кезінде, шекара өңірлерінің тұтастығы, ұлттар ынтымағы, қоғам орнықтылығы тақырыптарында баяндама жасап, Ши Жинпиңнің «Жаңа дәуірдегі қытайлық үлгідегі социализм» идеясын насихаттаған. Бұл туралы «Шинхуа» ақпараттық агенттігі хабарлады.
ҚКП Орталық комитеті, орталық саяси және құқықтық комитеттің хатшысы Го Шыңкун(Guo shengkun) бұдан бір апта бұрын Ішкі Моңғол автономиялы регионына іс-сапармен барған. Ол сапары кезінде «шекара өңірдің тұтастығы мен орнықтылығына кепілдік ету және ұлттар ынтымағын сақтау» мәселелерін көбірек сөз еткен.
Го Шыңкун Ішкі Монгол автономиясының Улаанхот қаласына қауіпсіздік күштерімен кездесу өткізген. Ол сөзінде: «Біз орнықтылыққа қауіп төндіретін әрекеттерді түбіріне дейін жойғанда ғана Қытай коммунистік партиясының мақсаттарын орындай аламыз», – деп атап өткен.
Қытай үкіметі мен жетекші партияның лауазымды тұлғасы автономиялы аймақтағы бұл сапары мен ондағы сөздерінен Тибет пен Шынжаң жерінде жүргізілген саясаттың алдағы уақытта Ішкі Моңғол автономиясында жалғасуы мүмкін екенін аңғаруға болады. Естеріңізде болса, осыдан бұрын Қытай орталық қаласындағы АҚШ елшілігі маңында жарылыс болған еді. Ресми ақпарат көздерінің хабарында, жарылыс жасаушы 26 жастағы Ішкі Моңғол автономиясының азаматы деп көрсеткен болатын.