18 миллион халқы бар ел үшін 32 банк аз ба, көп пе? Жан басына шаққанда 530 мың адамға 1 банктен келетін Қазақстан үшін осыншама банк ұстау қаншалықты тиімді? Жалпы, Қазақстандағы банк жүйесінің даму қарқыны қандай? Бүгін біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көру мақсатында банк секторының жұмысына қысқаша тоқталуды жөн көрдік.
Осыдан біраз уақыт бұрын президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық банкирлерге қарата: «Сәл ақша жинасаңдар болды елге келіп банк ашасыңдар. Ұлттық Банк рұқсатын береді. Осыдан кейін сендер көше кезіп, біздің пайыздарымыз жоғары деп халықтың сеніміне кіресіңдер. Кейіннен акционерлер халықтың салған ақшасын ұрлап, өз ара бөліске салып, ойларыңа не келсе, соны істейсіңдер. Бұның барлығы барып тұрған бассыздық» - деп мәлімдеді. Президенттің бұл мәлімдемесі экс-банкир Мұхтар Әбілязовқа бағытталды ма, жоқ әлде жалпы банк секторындағы адамдарға бағытталды ма? белгісіз. Әйтеуір осыдан кейін ірілі-ұсақты банктерді бір-біріне қосу науқаны басталып кетті.
«Альянс банк», «Темірбанк» және «АТФ банк» бірігіп, «ForteBank» болып құрылды. Артынша БТА мен «Қазкоммерцбанк» бірігіп жұмыс істей бастады. Бірақ бұл бірлестік ұзаққа созылмады «Қазкоммерцбанк» жақында ғана Халық Банктың иелігіне өтті. Онсызда зейнетақы қорларындағы қаржысының қайда кеткенін білмей дал болып жүрген қарапайым халық банк жүйесіндегі бұл өзгерістерге анау айтқандай назар да аударған жоқ. Есесіне ресми Астанаға жақын экономистер тобы банктердің бірігуіне оң баға берді. Олардың сөзінше, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей мен Беларусь елдерінің банктеріне қарағанда біздің қаржы ұйымдарымыз әлсіз екен. Сол себепті банктердің бірігуі олардың бәсекеге қабілеттігін арттырады. Бір сөзбен айтқанда банктердің бірігуінен Қазақстанның банк секторы «ұшпаққа ұшып» кетпесе де, белгілі бір мөлшерде тиімді жұмыс істейді.
Сондай ақ, экономистердің сөзінше, осы уақытқа дейін біздің банктер шетелден аз пайызбен қарыз алып, оны халыққа қымбат пайызбен несие қылып беріп келген. Қазір бұлай жасау мүмкін болмай қалған. Сол себепті де банктер жеке дара жұмыс істеуін тоқтатып, бірігу науқанын бастап кеткен. Бірақ осы тұста саналы адамның басына «халыққа осы уақытқа «ғарыштық пайызбен» несие беріп келген банктерді біріктіру арқылы аман алып қалу қаншалықты қажет?» деген сұрақ туады. Бұл сұрақтың тууына негізде жоқ емес. Өйткені ай мен күннің аманында шетелден төмен пайызбен қарыз алып, халыққа он, жиырма, отыз пайызбен несие беріп тұрған күннің өзінде мемлекет есебінен өмір сүріп келген банктерді бірігу құрдымға кетуден құтқарып қалады дегенге сену қиын.
Енді «18 миллион халқы бар ел үшін 32 банк аз ба, көп пе?» деген сұраққа келсек. Біз экономист немесе қаржыгер емеспіз. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу адамға 530 мың адамға бір банк деген статистика бір түрлі ерсі көрінетіні анық. Десе де, банктер санының бір мезетте азайып кетуі банк секторының монополизацияланып кетуіне алып келіп соғуы мүмкін.
Жалпы, Қазақстан банк секторындағы өзгерістер халықтың экономикалық жағдайына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Бір белгілісі ел арасында банктерді біріктіру науқаны зейнетақы қорына жасалған реформалар сияқты нәтижесіз аяқталмай ма деген күдік бар.