Алматы жұртшылығы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды.

Бүгін Алматы халқы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсіміне қарапайым халықпен қатар танымал спортшылар, мәдениет және қоғам қайраткерлері, депутаттар мен шенеуніктер қатысты.

Фото: QT

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының жүлдегері Денис Тен шілде айының 19-ы күні пышақ жарақатынан Алматы қаласының №12 клиникалық ауруханасында көз жұмған.

Фото: QT

Алматы прокуратурасының мәліметінше, 19 шілде күні түскі сағат 15-00 шамасында Денис Тен Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында көлігінің айнасын ұрлап жатқан екі адамның үстінен түскен. Текетірес барысында қаскөйлер Денис Тенді пышақтап, оқиға орнынан іздерін суытқан. Кейіннен көшеде орнатылған бейне бақытау камерасының көмегімен құқық қорғау органдарының қызметкерлері Денис Теннің өліміне қатысы бар деген күдікпен 1994 жылғы Жамбыл облысының тумасы Қиясов Нұралы Дәулетбекұлы мен Қызылорда облысында дүниеге келген Құдайбергенов Арман Бөрібайұлын ұсталған. Қазіргі таңда күдіктілер Алматы қалалық уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.

"The Qazaq Times"