***

Өзімнің жолымды қанша рет бөгедім?!
Өзіңді жазғырып, өзімді сөгемін.
Жүректен мөлдіреп үзілген сөздерді
Амалсыз
Төртбұрыш қағазға төгемін.

Алыста армандар, аспанда ақ үміт.
Қиялдың ақ күміс қанатын тағынып,
Ұшуға қорықтың,
Жердегі
Төртбұрыш заңдарға бағынып.

Естілмей құс үні, жаңбыр мен қар әні,
Төртбұрыш телефон жалғамай араны,
Жанымды мұздатып...
Төртбұрыш бөлмеде
Дүние дөңгелеп барады.

 

***

Жасырынбақ ойнап жүрміз,
Жасырынып бірімізден-біріміз.
Бір әлемде сөздер суық,
Сезім – ызғар, гүлі – мұз.
Хат та жазбай, хабарласпай, өп-өтірік ұмытып,
Әр сәт сайын бақылаймыз...
Осы – ұмытқан түріміз.

 

Көңілімді қамшы осып, қанжар және сұғылып,
Әлім келмей әрі асуға, қайта-қайта жығылып
Жүргенімді көрсетпеймін,
Күліп түсіп суретке,
Кешке қарай жылап жатам жүрегіме тығылып.

 

Үнсіз қалсам, белгі беріп, дауыстасам – жортасың,
Қашасың да сұр әлемге, құшақтайсың сор тасын.
Жасырынбақ ойнап жүрміз,
Жалғасады қашанға?..
Жақындауға жүрексініп,
Жоғалтуға қорқасың.

 

 

***

Бәрінен шаршап кеттім:
Жанымды мұздатқан көктемнен,
Жүректі сыздатқан өткеннен.

Ап-ауыр азапты шегуден,
Үн-түнсіз жасымды төгуден.

Мәні жоқ ғұмырды кезуден,
Қажет еместігімді сезуден.

Көліктер сабылған көшеден,
Айыптай беретін кешеден.

Үмітім тоналып қалғаннан,
Алдамшы бес күндік жалғаннан.

Шаршадым таусылмас мұңымнан
...Ештеңе шықпады бұнымнан...

 

 

***

Табылмай жанымның тұрағы,

Таусылмай тағдырдың сұрағы,

Жып-жылы сәттерді қия алмай,

Көзіме ыстық жас тұнады.

Мен үнсіз күрсіндім.

Көлеңкем

«Кетпе» деп жолыңа құлады.

 

Жата қап жылады иегі кемсеңдеп,

Мың мәрте оқталды өзіңе ерсем деп.

Аяққа жығылып, жалынды содан соң

«Қайтадан айналып келсең» деп.

 

Көрсем деп тағы да...

Өзгерді мекенің.

Қай кезде, қай күні, қалайша жетемін?

Кеткелі күй осы...

Сездің бе,

Құлаған көлеңкем жылаған жүрегім екенін?

 

 

***

Естімей гүл әуенін, құстар әнін,
Жүректі тіліп өтті ұстара – мұң.
Сен менің өмірім ең, өлеңім ең,
Мен саған таңда көрген түс қанамын.

Арманымды сөндіріп көк те міне,
Тоңдырған сен бе,
Әлде көктемім бе?
Жақсы еді ғой, бәрі де тәтті еді ғой,
Оянып кеткенің не?

 

Жанардың хаты
Оралхан Бөкейге

І

Өзегімді неге өртейді барша мұң?
Оралар ма, оралмас па бал шағым?
Сізсіз өмір, көзсіз қоғам ішінде
Өзімді іздеп, жоғымды іздеп шаршадым.

 

Сұп-сұр тұман, дала ма, әлде қала ма?
Әлдекімдер тұз себеді жарама.
Жан айқайым естілмейді ешкімге,
Жұрттың бәрі саңырау боп бара ма?

 

Өз ойыма өзім сосын күйемін,
Тарқатса ғой қалың шердің жиегін.
Ақтарылар жан таба алмай, басымды
Мұздай суық қабырғаға сүйедім.

 

Жабырқатар жалғыздық қой мекенім,
Кімнің енді ес тұтамын жетегін?
"Соқыр ғой" деп қарайтындар сезбейді-ау,
Жүрегімде жанарым бар екенін.

 

ІІ
Қуантпады жазмышым... сыйсыз неге?
Тартар ма екен қайраңға күйсіз кеме?
Әр түн сайын жылаймын ағыл-тегіл,
«Соқыр көзден жас шықпайды» дейсіз бе, не?

 

Жан жыласа, жанардан ағар мұңым,
Тағы да сары уайым табар бүгін.
Тағдырымды қайтемін, күрсіндіріп,
Алқымыма ап-ауыр тағар жүгін?

 

Ауырлаған бұл күні кірпігім де,
Бақыт біткен біз жақтан үркіді ме?
Ақтарылғым келсе де, ашыла алмай,
Айтарымды айтқызбай іркіді не?

 

Үміт суық, арман мұз, сенімім сыз,
Түнек тірлік жұтады мені де үнсіз.
Адастым-ау... мәңгі түн әлемімнің
Шамшырағы, жарығы едіңіз сіз...

 

ІІІ
Түн өтеді аңдып жатып ұйқы айды,
Күрсініспен көңілімнен күй тайды.
Көзі барлар неге менің шашымды
Аяламай, аяп қана сипайды?

Ағытумен қоңыр мұңның көгенін,
Оңашада жасымды үнсіз төгемін.
Жарық күнді көре алатын адамдар
Мүсіркемей, еркелетсе деп едім.

Тұман ойдан тұншыққанда өзегім,
Түнек жерді жалғыз өзім кеземін.
Өтінемін, қарамаңыз сұқтанып...
Мен бәрін де жүрегіммен сеземін.

 

 

***

Жолайрықта жолықтық, жол екіге бөлінді.
Өзіңізсіз өмірім тым көңілсіз көрінді.

 

Кезіктіңіз неліктен жүрегімнің сорына?
Шыға алмадым, шырмалып сезімімнің торына.

 

Сағынышым түндерде жөнеледі хат болып,
Жүдетеді жанымды кеткеніңіз жат болып.

 

Саусақтарым сүйеді телефонның пернесін,
Қайда жүрсіз, қай жерде, енді оралып келмесім?

 

Армандарым алыста, жұлдыздан да жоғары,
Белгісіздеу бақыттың қайта айналып соғары.

 

Балауызын үміттің көз жасыммен сөндірдім,
Хат жазбауға өзімді әрең-әрең көндірдім.

 

 

***

Күңіренді көңіл... Күрсінісімді құп алды Ай,
Жылады жүрек жанардан жас та шығармай.

Өтермін бір күн, кетермін бір күн алысқа
Өмірдің мәнін ұға алмай,
Өлеңнен өзге түк алмай.
Көтеріп және күнәмді.
...Үзілген үміт, келері бақтың күмәнді.
Тұманды оймен тұмшалап тағы барады
Тұманды тірлік, түнерген қала тұманды.

“The Qazaq Times”