Бүгін Алматы қаласында «Жаңа Қазақстан» форумының мүшелері баспасөз мәслихатын өткізді.

Баспасөз мәслихатында форум мүшелері Әміржан Қосанов, Дос Көшім, Айдос Сарым және Расул Жұмалы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа жолданған ашық хат жөнінде, «Жаңа Қазақстан» мүшелерінің маусым айының 24-і мен 27-і күндері аралығындағы АҚШ-қа сапары жөнінде мәлімдеме жасады.

Саясаткер, Әміржан Қосанов. Фото: QT

Жиынның модераторы ретінде алғашқылардың бірі болып сөз алған «Жаңа Қазақстан» мүшесі, оппозициялық саясаткер, Әміржан Қосанов Қазақстан аумағына көшіріледі делінген 51 Қытай зауытына қатысты премьер-миристрге хат жолдағандықтарын айтты. Қосанов мырзаның сөзінше, ашық хатта форум мүшелері үкімет басшысынан Қытай кәсіпорындарының ел экономикасына пайдасы, экологиялық зияны, жұмыс күшінің кімдерден құралатыны және зауыттардың кімнің иелігінде болатындығы жөнінде сауалдар қойған.

Саясаттанушы, Расул Жұмалы. Фото: QT

Ал өз кезегінде саясаттанушы, Расул Жұмалы форум мүшелерінің АҚШ-қа сапарына қысқаша тоқталды. Ол өз сөзінде: «Өткен аптада бір топ «Жаңа Қазақстан» форумының өкілдері Уашингтонға барып қайттық. Бұл сапар барысында бізге сыртта жүрген бірқатар қазақ белсенділері қосылды. Олардың ішінде Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының басшысы Серік Медетбеков, философ Уәлихан Түлешов, Қанат Ибрагимов сынды азаматтар бар. Сапар арысында Қазақстандағы сөз бостандығы, ақпараттық қауіпсіздік, билік транзиті, Қытайдағы қазақ мәселесі жөнінде көптеген тақырыптар талқыланды» - деп мәлімдеді.

Саясаттанушы, Айдос Сарым. Фото: QT

Расул Жұмалыдан кейін АҚШ сапарына қатысты саясаттанушы Айдос Сарым өз пікірін былай деп білдірді: «Біріншіден, «неге АҚШ сапар?» - деген сұраққа жауап берейін. Бүгінгі күні геосаяси контекст күрделеніп барады. Қазақстандағы Ресей мен Қытайдың ықпалы аса айырықша дәрежеге жетті. Екіншіден, Қытайдағы қазақ мәселесі. Қазір Қазақстанның Қытайға әлеуеті жетпейді, сөзі өтпейді. Біз білсек, біршама адам құқығы мәселесін айтатын екі топ бар. Оның бірі Еуроодақ болса, бірі АҚШ. Біз Еуропарламентке барғанан кейін депутаттармен қандастарымызды кездестіріп жолын ашып бердік. Осы жолыда сондай дипломатиялық жолдарды көрдік. Өздеріңіз білесіздер қазір АҚШ Қытаймен біршама мәселеге келіп жатыр. Бәлкім осыны пайдаланып па, жоқ әлде басқа жолдарды пайдаланып па Шыңжаңдағы қазақ мәселесін шешеміз бе деген үмітіміз бар».

Саясаттанушы, Дос Көшім. Фото: QT

Өз кезегінде баспасөз мәслихатын қорытындылаған саясаттанушы, Дос Көшім былай деді: «Осы айдың басында біз Маңғыстау және Ақтөбе облысында жергілікті халықпен кездесу өткіздік және халықтың «Жаңа Қазақстанға» қатысты сұрақтарына жауап бердік. Қазіргі кезде экономика, ұлттық мәселе барлығыда тығырыққа тірелді. Бұдан былай бұндай қоғамда өмір сүруге болмайды. Біз осы айдың аяғынан бастап облыстарды аралауға шығамыз».

 

“The Qazaq Times”