Италия мен Мальта арасында шиеленіс туындатқан босқындарды Испания үкіметі қабылдағанмен, Еуропадағы босқындар мәселесі ушыға түсуде. Мүше-елдерге сөзін өткізе алмаған Еуропа Одағы осы мәселеге қатысты дауды реттеуге тырысқанмен, енді ресми Рим мен Париж арасында дипломатиялық дау пайда болды.
Франция мен Италия арасындағы текетірес қалай басталды?
Екі ел арасындағы дау Франция президенті Эммануэль Макронның Италия үкіметін ЕО-тың алдындағы жауапкершіліктен жалтарып, оның шарттарын елемеуде деп айыптауынан басталды. Осындай мәлімдеме жасаған ол Италияны халықаралық заңдарға бағынуға шақырды. Оның бұл мәлімдемесіне ашуланған Италия премьер-министрі Джузеппе Конте: «Франция босқындарға қатысты әлемде орын алып жатқан мәселелерден бейхабар. Босқындарға қатысты мәселе туындағанда, сырт айналады. Солай бола тұра, осындай екіжүзді елдердің ақыл айтқандары жарасымсыз» , - деді. Сонымен қатар, Францияның Римдегі елшісін Италия сыртқы істер министрлігіне шақырып, Макронның мәлімдемелеріне қатысты ескертулер жасады. Бұдан бөлек, Италия Ішкі істер министрі Маттео Сальвини: «Франция Италиядан ресми түрде кешірім сұрамайынша, премьер-министр Конте Макронмен кездесу туралы шешімін бұзады», - деді.
Босқындар мәселесі Германияда да ішкі ерегес тудыруда
Германиядағы Үкіметтік одақтың оң қанаты да босқындарға қатысты қатал саясат ұстану мақсатында канцлер Ангела Меркельге қысым көрсетуде. Ал, Меркель өз кезегінде осы мәселеге қатысты шаралар жекелеген елдер тарапынан емес, Еуродаққа мүше барлық мемлекеттер тарапынан қабылданатынын айтып, реттеуге тырысқанмен, одақ күштері елдегі саяси жағдайды тым ушықтырып жіберді, деп хабарлайды француздың liberation.fr басылымы.
Рас, босқындар туралы мәселенің кесірінен Еуропа Одағы (ЕО) қазір шарасыз жағдайда. Естеріңізде болса, одақтың шарттарына бағынбаған Италия үкіметі 629 босқыны бар «Aquarius» кемесіне порттарын жауып тастау арқылы Еуропада шиеленісті жағдай туындатқан болатын. Италия мен Мальта бірін-бірі халықаралық заңдарды аяқ асты етті деп айыптады. Ақыры бұл жағдайға Испания араласып, аталған кемені қабылдады. Италия өзін сынаған одақ мүшелеріне қарсылық білдіріп, босқындар мәселесіндегі ұстанымын өзгертпейтінін мәлімдеді. Айта кету керек, Таяу Шығыс пен Африкада 2011 жылы басталған қақтығыстар ЕО территориясына босқындардың ағылуына жол ашты.