Ресми Астанаға жаңа «Қауіпсіздік кеңесі» не үшін қажет? Бұл билік транзитіне дайындық па? Бүгін біз осы және өзгеде сұрақтарға жауап іздеп көретін боламыз.
Осыдан бірнеше күн бұрын парламент «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі жөніндегі» заң жобасын бір ауыздан мақұлдады. Жаңа заң бойынша Қауіпсіздік кеңесін президент Нұрсұлтан Назарбаев өмір бойы басқаратын болды. Яғни қауіпсіздік кеңесі елде қандай жағдай болса да бір адамның қолында қалады. Осыған байланысты қазір сарапшылар мен саясаттанушы қауым арасында түрлі болжамдар айтылуда. Енді сол болжамдарға қысқаша тоқталып көрсек.
Бірінші: Қауіпсіздік кеңесінің президент әкімшілігі және үкіметпен қатар заңды құқықтарға ие, жеке бюджеті бар, конституциялық құрылым болып бөлініп шығуы президентке Ақорда маңындағы саяси топтар арасындағы билік тепе-теңдігін ұстап тұруға септігін тигізеді.
Екінші: Президент Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін жеке дара басқару арқылы билік транзитін жеңіл әрі қауіпсіз жүзеге асыруды жоспарлауда.
Үшінші: Қауіпсіздік кеңесінің президент әкімшілігі, үкімет және парламентпен тең дәрежедегі саяси құрылым болып қайта құрылуы билік транзиті кезінде болуы мүмкін клан аралық тартыстардың немесе керсінше күш біріктірулердің болу ықтималдығын төмендетеді.
Бұл әрине біз естіген, оқыған, көрген болжамдардың бір сыпырасы ғана. Бұдан бөлек халық арасында Қауіпсіздік кеңесіне қатысты қаншама болжамдар мен пікірлер айтылып жүр. Негізінде жоғарыда аталған үш болжамның үшеуінің де дәл қазіргі Қазақстан билік жүйесіне жат емес екендігі айтпаса да түсінікті. Жалпы, дамыған, өркениетті, демократиялық елдерде билік саяси институттар арқылы ауысатыны белгілі. Яғни саяси партиялар арасындағы бәсекелестік, сайлау, халық таңдауы арқылы билік басындағы президентті немесе партияны келесі бір саяси блок алмастырады. Бірақ бұл жүйенің біздің елімізбен «үш қайнаса сорпасы қосылмайтындығы» бесенеден белгілі жайт. Жасыратын несі бар, біздің саясаттанушылардан бастап, қарапайым халыққа дейін «билік жүз тармаққа бөлінгеніне қарамастан» соңғы он жылда билік транзиті жөнінде айтып келеді. Бірақ оның қалай жүзеге асатындығы жөнінде, қазіргі президенттің орнына кімнің келетіндігі жөнінде ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі дәл қазіргі жағдайда оны болжаудың өзі мүмкін емес...