Нұрсұлтан Назарбаев маусым айында ресми іссапармен Қытайға барады.

Мамыр айының 28-і күні Қытай сыртқы істер министрі Ван И алда келе жатқан ШЫҰ-ның саммитіне орай арнайы баспасөз мәслихатын өткізген. Онда ол: «Маусым айының 6-ы мен 10-ы күндері аралығында Чиндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммитіне Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Иран президенттері қатысады. Ұйымға мүше елдердің мемлекет басшылары бірлескен онға жуық құжатқа қол қояды» - деп мәлімдеген.

Естеріңізге салайық, ақпан айында Қытайдағы қазақтардың қысым көріп жатқандығы расталғаннан кейін, Қазақстан сыртқы істер министрлігі Қытайға ресми нота тапсырған. Кейіннен СІМ Қайрат Әбдірахманов аталмыш мәселеге байланысты журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Бұл істі біз бақылауымызда ұстап отырымыз. Қытайда ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметтерді берген. Біз осы мәліметтер расталғаннан кейін Қытай тарабына ресми түрде дипломатиялық нота жібердік. Қытай жағының нақты жауабын алғаннан кейін Қазақстан азаматтарына мәселенің мән-жайын жеткізетін боламыз. Біз Қытайда ұсталған Қазақстан азаматтарының туыстарымен тығыз байланыстамыз, аты-жөндері де бізге белгілі» – деген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың маусым айындағы іссапарында Қытайдағы қазақтардың мәселесі айтыла ма, жоқ па белгісіз. Бірақ бір белгілісі осы іссапардың алдында сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайға барып, қытайлық әріптесі Ван Имен кездесіп, мемлекет басшысының алдағы іссапарына қатысты келіссөздер жүргізген және екі ел азаматтарының қауіпсіздігі мен адам құқығы жөнінде пікір алмасқан.

“The Qazaq Times”