Қытай қарқынды даму үстіндегі ел. Тауар өндірісінің артуы ел экономикасына зор ілгерлеушілік әкелді. Ауыр-жеңіл өнеркәсіп салаларының жыл сайын серпін алып келе жатқанын естіп, көріп, біліп жүрміз. Қытай дамуы көршілес бізді ғана емес, дамыған Батыс елдерінің де назарын өзіне аударды. Әлемге айбар шеккен алып елдің экономикасы, әскери қуаты "күн батпастай" көрінгенімен, бүгінде, «Қытай тоқырауына» алып келетін факторлар белең беруде. Олай болса, факторлардың Қазақстанға тигізер қандай жақсы-жаман әсері бар деген мәселе тұрғысында ой қорытып көрелік.

Сарапшылар Қытайдың бес үлкен проблемасын атап отыр. Бұл қандай проблемалар және оны шешу үшін Қытай үкіметі нендей шаралар жасап отыр?

Sumsung employees assemble CRT television sets at the Samsung Vina Electronics Co. factory in district Thu Duc in Ho Chi Minh City, Vietnam. Photo taken on Friday, December 4, 2009. Kevin German / Luceo Images

Бірінші фактор, өндірістің дамуы артқан сайын, шикізат тапшылығын тудыруда. Бұл мәселе қазір де болашақта да қытай билігіне басты сындардың бірі. Қытайдың металл қорыту саласының өнім мөлшері ел ішінде өндірілетін электроника, тұрмыстық электр жабдықтарын толық қамдай алмайды. Қажеттілікті өтеу үшін шикізатты басқа елдерден тасымалдауға мұқтаж. Қытай сыртқы саясаты бұл процесті жүзеге асыруға бағытталады. Орталық Азия, Орта-Шығыс, Африка сынды өңірлермен қарым-қатынастың басым бағыты да осыған негізделген. Бір ғана Танзаниядан аптасына Қытайға 4 мың тонна мыс жеткізіледі. Сонымен бірге, олар қайта өңдеуді дамытуға күш салып келеді. Жарақсызға айналған металл, қағаз, пластик бұйымдарды жинап алып қайта өңдеуге жібереді. Бұл бір жағынан орта қорғауға, екіншіден жұмыспен қамтуға да пайдалы.

Фото: National-Geographic-News.

Екінші фактор, демографиялық катастроф. Халықтың қартаю салыстырмасы жиілеген. Адам санының артуы көптеген тұрақсыздықты алып келеді. Айталық, халықты жұмыспен қамту мәселесі ауырлайды.  Әлемнің 5/1-не жуығын иелейтін Қытайдың жан саны – сол ел билігінің бас қатыратын тақырыбының бірі. Егер, жұмыспен қамту жеткілікті болмаса, массаның теңіздей шайқалуына әкеліп соғары даусыз. Ол үшін үкімет кәсіп түрлерін кеңейтуге тырысуда. Қытайда, қазір, біз естіп білмеген қызмет өтеу түрлері бар. Кәсіп және қызмет өтеу түрлерін көбейтіп, орта-шағын бизнесті дамыту арқылы бұл қиыншылықтан құтылып кете алмайды. Оны Қытай осыдан бұрынғы екі кезектегі билігінің тәжірибесінен әбден түсініп жетті.

Қытайдың қазіргі басшысы Ши Жинпиң (Си Цзиньпин ) бұл бағытта бұрынғыдан өзгеше саясатты жолға қойды. Тауар экспорттау және басқа да даму жолдарының,  күн сайын өсіп отырған халықты асырауда тығырыққа тірелетінін танып, шетелге шығатын кәсіпорындар арқылы «адам экспортын» жүргізді. Оның нәтижесінде, жер бетіндегі құрлықтардың әрқайсысында қытай қоныстанбаған елдер жыл сайын азайып келеді. Әсіресе, «Африканы дамытуды жебеу» желеуімен Орталық және Оңтүстік Африка елдерінде салынған қытай құрылыстары, Африканы «Жаңа Қытайға» айналдыруда. Бұл туралы айтылар сөз аткөпір. Құрлықтар арасында қытайлардың ең аз қоныстанған орны – Антарктида ғана.

Фото: chinagroups.ru

Үшінші фактор, азық-түлік қауіпсіздігі мен азықпен қамтамасыз ету. Бұл да халық санының қаурыт өсуінен туындаған проблема. Бейжің, Шанхай, Гуаңжоу (Гуанчжоу) секілді 20 млн-нан астам адамы бар қалаларды ішпек-жемекпен қамтуды елестетіп көріңіз. Бейресми дерек бойынша, Астанасы Бейжіңде мереке күндеріндегі адам саны,  Қазақстанның тұрақты жан санынан екі есеге көп болады екен.

Қытайды астықпен қамдайтын екі үлкен жазығы бар. Олар –  Терістік-Шығыс Қытай Жазығы және Орта Жазық. Бұлар Ұлы Қытай жазығы деп аталады. Орта Жазық Қытайдың маңызды аймағы. Климаты ылғалды, жауын-шашын мөлшері егіншілікке тиімді. Оған қоса, Сары-Дария (Хуан-хэ) мен Чаңжияң (Ұзын өзен) дариялары осы жазықтан ағып өтіп, егіс атыздарын сумен қамдайды. Осы қолайлылықтардың арқасында, бұл жазықтан жылына 3-4 рет өнім алуға болады. Алайда, егіс дақылдарын үздіксіз өсіру, топырақ қабатының құнарсыздануына алып келді. Өнім мөлшерін төмендетпеу үшін химиялық тыңайтқыштар қолданылды. Оның салдарынан қытайдағы азық-түлік қауіпсіздігінің ауыр жағдайын қалыптастырды. Халықтың тұтынып жатқан азықтары дерлікке жуық химиялық тыңайтқышпен жетілдірілген. Тағамдарға қосылатын әртүрлі қоспаларды тағы ескеріңіз. Осының бәрі қытай жұртының басты уайымы.

Азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін, қытай билігі ғылыми жаңалықтар ашуға қолдау көрсетті, жоғары сортты дақылдарды жетілдіру, астық өнімдерінің түсімін жоғарылату шараларын жасады. Бірақ, азық-түлік қауіпсіздігі әлі де оңалмай келеді. Өндіріс орындары, зауыт-фабрикалардың көптігі ортаның ластануын келтіріп шығарды. Климаттың бұзылуынан табиғи атызда өскен дақылдарды да зияндады. Аталған проблемалар болашақ Қытайды "жасыл азық" жағынан көршілес елдерге тәуелді етуі мүмкін. Қолы жеткен қалталы қытайлықтар балаларына «Made in China» брендімен шыққан өнімді тұтындырмауға тырысады. Бейресми дерек болғанымен, бұның бәрі көз көрген жағдайлар.

Қытайдың бұл әлсіз тұсын ең алдымен Жапония мен Түркия, сосын Ресей пайдаланып отыр. Қазірдің өзінде Ресей-Қытай арасындағы қарқыны жоғары темір жолдар ресейлік азық-түлікті көп мөлшерде ішкі қытайға кіргізуде. Бейжіңде шетел азық-түліктері сатылатын дүкендердің саудасы күсет. Арасынан Қазақстан ішпек-жемек өнімдерін де кездестіруге болады.

Фото: http:/russian.eurasianet.org

Төртінші фактор, Қытайдағы туылуы мүмкін геосаяси тұрақсыздық. «Үлкен Қытай»: Ұлы құрлықтағы Қытай, Тайуан (Тайвань) Гонконгтерді қамтиды. Тайуан мен Гонконкке ерекше әкімшілік аудан мәртебесі берілген, өзіндік басқару жүйесіне ие. Тайуан Пекинге бағынбай, өз дербестігін сақтауға барынша тырысып келеді. Тек Қытайдың қуатты армиясынан ғана алаңдайды. Гонконгта Бейжің билігіне қарсылық шерулері әр жылы болып тұрады. Оған Тибет, Шынжаң сынды автономиялардағы Қытай билігіне қарсылықтарды қосыңыз. АҚШ, Ресей, Жапония, Еуропа елдерінің осы елмен дипломатиясы бүлінер болса, қытай ішіндегі бұл қайшылықты пайдаланбай қоймайды. Сондықтан, Қытайдың сыртқы саясаты қуатты елдермен барынша ынтымақтастықты сақтауға мүдделі.

Бесінші фактор, қоршаған ортаның ластануы. Зауыт-фабриканың көптігі және олардың орта қорғау талаптарына сай келмеуі Қытайдағы қоршаған ортаның ауыр дәрежеде ластануын келтіріп шығарды. Әсіресе, қалалардың ауа ластануы аса ауыр. Бейжіңнің батысы мен солтүстік батысына орналасқан Хыбей провинциясындағы зауыттар ел астанасын ыс-түтекпен тұмшалап тұрады. Тіпті, Хан-Балықта (Бейжің) халықаралық саммиттер, маңызды кездесулер өтетін болса, бір апта бұрын  қаладағы және астана маңындағы провинцияларға орналасқан өндіріс орындарын тоқтата тұруға мәжбүр. Сол мезгілдерде ғана бейжіңдік тұрғындар аспанның түсі көк екенін біледі десек асып кетпеспіз. Осы мезгілдегі кәсіпорын шығыны мемлекет қаржысымен төленеді. Ауа қатты ластанған мезгілдерде, (әсіресе қыс маусымында) бастауыш сыныптағы оқушылардың сабағы тоқтатылады. Сары дарияның төменгі ағары, Шығыс Қытай Теңізінің де ластануы ауыр. Солтүстік-Шығыс, Шығыс өңірдегі ауаның ластануынан Қытай ғана емес, Солтүстік, Оңтүстік Корея, Жапониялар да зардап шегіп жатады. Жапония осы үшін ауық-ауық ескертулер жасайды немесе төлем талап етеді.

Фото: Popular Science

Міне, бұл аталғандар – Қытайдың дөп келіп отырған, болашақтағы «тоқырауын» тудыратын проблемалар. Бұлар Қазақстанға тікелей болмаса да жанамалай әсер етеді. Орта Азиядағы шикізат шығаратын ел ретінде, қытайдың бірінші аталған проблемасы бізге аз мөлшерде болса да тәуелділікті келтірер еді. Алайда, оны қалай пайдаланып отырғанымыз баршаға белгілі тақырып. Қытайдың «адам экспорты» да бізді белгілі дәрежеде шарпиды. Алыс құрлықтарды қамтыған бұл саясаты іргесіндегі бізге әсер етпей қалуы мүмкін емес. Қытайда туылуы мүмкін деген саяси тұрақсыздық мәселесі, қытай билігінің сыртқы саясатына да әсер етеді. «Үлкен Қытай» саясатын мойындау олардың барлық дипломатиялық қатынастарындағы басты талап. Ол бүлінсе АҚШ, Ресеймен де ашық жаулыққа баруы мүмкін. Ондағы сенетіні – әскер саны жағынан әлемнің алдындағы, жалпы қуаты жағынан үшінші орындағы қарулы күші. Сондықтан, Қазақстан үшін бұл проблеманы сақтықпен айналып өтуіне тура келеді. Ол біздің сауда-экономикалық дамуымызға, тұрақтылығымызға аса маңызды. Бірақ, Қытайдағы қазақ диаспорасының мүдделері тапталып жатса, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ салауатымызбен дипломатиялық жолдармен қорғаныш болудай жауапкершілігіміз бар.

Бізге үшінші айтылған азық-түлік проблемасы, шығыс көршіміздің кең базарын менмұндалатып тұр. Қазақстанда ауыл шаруашылығы ерте дамыған  болса, ендігі, бұл салада Жапониямен тең түспесек те, Ресей, одан қалса, транспорттық шығыны көп болатын алыстағы Түркиямен бәсекелесе алар едік. Себебі, бізде Қытаймен жымдасқан транс-дәлізіміз бар. Құрлық тасымалы бойынша Қытай үшін маңызды орынымыз тағы бар. Шынжаңның өзінде Қазақстан азықтықтарын тұтынуға деген сұраныс қалыптасқалы көп болды. Осы жерде ашына отырып, бірер мәселені айта кетпей болмайды. Оның бірі, Қорғас өткеліндегі екі ел бірлескен базардың өзін пайдамызға жарата алмай отырғанымыз. Қытаймен тауар айырбасында тең келмесіміз шындық. Десе де, бізден сұранып тұрған тауарын сатып беретін базар құрылысын да әлі аяқтай алмаппыз.

Фото: voxpopuli.kz

Кеш емес, Қытайда азық-түліктің алып базары бар. Соның бір пұшпағын илесек те, Қазақстан экономикасына көп пайда келеді. Ет өнімімен Қытай базарына кіру қиын. Себебі, оларда ғылыми мал бордақылау ісі ерте қолға алынды. Ішкі Моңғол сахарасы, Шынжаң өңірінің мал шаруашылығы Қазақстаннан алдыда. Ал, Қытайдың ішкі өлкелерінде қой мен шошқаны будандастыру арқылы төрт-бестен төлдейтін қой тұқымын жетілдірді. Онысы, азық-түлік қауіпсіздігіне қайшы екені белгілі. Алайда, бақа-шаян жегеннен пайдалы боп отыр. Ал, 50-60 пайызы ғана таза өнім тұтынып отырған ішкі қытай қалаларына, Қазақстанның "жасыл азықтықтарын" жеткізсек, қандай баға болса да талап алар еді. "Айтуға оңай" дей салмай, жолын жасап жүрген азаматтар да бар, бірақ көп емес.

Түптеп келгенде, Қазақстанның іргесінде алып базар жатыр. Туризмді айтпаған күннің өзінде, ауыл шаруашылығын және экспортты дамыту Қытайға бағытталған "жасыл өнім" өндіру –  бізге айтарлықтай экономикалық кіріс көзі болмақ.

Естай БОЖАН

“The Qazaq Times”