«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» тарихи драмасының бас продюсері Арман Асенов фильмді қытайлық және америкалық дистрибьюторларының сатып алғысы келетіндігін жеткізген. Бұл туралы the-steppe.com хабарлайды.
«Кинокартина Голливудта өтетін «American Film Market»-те Қытай, Латын Америка және АҚШ-тың қызығушылығын оятқан. Бұл дегеніңіз әлем біздің тарихымызға қызыға бастады деген сөз. Керемет емес пе?! Бізді қазір тамыры терең тарихы бар, жас, өршіл ел ретінде мойындай бастады. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деді продюсер.
Фильмнің қоюшы-режиссері – Рүстем Әбдрашев. Фильм көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісі бойынша түсірілген. Сценарийін жазған – жазушы Смағұл Елубай.
Тарихи драма ХV ғасырдың орта тұсындағы Қазақ хандығының көрінісін көрсеткен. Шайбаниттердің кіші тармағынан шығатын Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрғаннан кейін, көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын. 1460 жылы Орда Еженнің ұрпақтары – Керей мен Жәнібектің айналасына біріккен он мыңдаған көшпенді ақсақалдар кеңесінде шешім қабылдап, Әбілқайырдың хандығынан бөлініп, өз ұлыстарын құруға бекінді. Сұландарға қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізеді. Ең алдымен, жұдырықтай жұмылған ынтымақ керек екенін ескерген олар Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді.
Ш. Айманов атындағы «Қазақфилім» АҚ баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, түсірілім жұмыстары Алматы және Алматы облысында өткен. Түсірілімнің бір бөлігі «Қазақфильмнің» павильондарында құрылған декорацияларда, сонымен қатар киностудияның аумағында суретшілер тұрғызған Шайбаншаһтың сарайында өткен. Фильмді жасауға 500-ден астам адам жұмылдырылған, олардың 200-ге жуығы түсірілім тобының мүшелері. Түсірілімдер бес айға созылып, 30 нысан пайдаланылған. 2017 жылдың 5 қаңтар күнінен бастап көрерменге ұсынылды.
«Кинонұсқаның прокаттары аяқталғаннан кейін фильмнің алғашқы сезоны телеэкрандарға шығады. Екінші және үшінші маусымын түсіруді жоспарлап отырмыз. Егер біздің жоспар жүзеге асып жатса, осы көктемде түсірілімін бастап та кетпекпіз, яғни тағы 10 эпизод түсірілетін болады», – дейді Арман Асенов.
«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» тарихи драма кинотеатрларда үш апта көлемінде көрсетіліп келеді. Rentrak жүйесі мен Ticketon.kz мәліметіне сүйенсек, фильмнің жалпы кассалық кірісі – 87 581 330 теңге.
«The Qazaq Times»