
Қазақстанға төртінші алтын әкелген – Юлия Галышева
Фристайл могул аталатын спорт түрінен әйелдер арасындағы сайысында қазақстандық Юлия Галышева алтын жүлде иеленді. Ол бүгінгі сайыс барысында біліктілігінің арқасында бірден финалға өткізілген.

Фото: People.cn
73,80 ұпамен топ жарған Галышева бастапқы іріктеуде 67,06 ұпай жинаған болатын. Бұл дүниежүзілік 28-қысқы Универсиаданың күміс медалін ресейлік фристайлшы Анастасия Первушина 62,13 ұпаймен иеленсе, үшінші орын 52,05 ұпай жинаған австриялық Катарина Рамсауердың еншісіне бұйырды.
Еліне бесінші алтынды сыйлаған – Дмитрий Рейхард
28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындарында, фристайл могул спорт түрінен ерлер арасындағы жарыста отандасымыз Дмитрий Рейхард алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы sportportal.kz хабарлайды.

Фото: zombio.com
Дмитрий Рейхард жарыстың финалдық кезеңінде 79,94 ұпай жинап еліміздің қоржынына бесінші алтынды салды. Екінші орынды ресейлік спортшы Сергей Шимбуев алды. Оның ұпай саны – 79,11. Бұл сайыстың қола жүлдесі қазақстандық Павел Колмаковқа бұйырды. Павел 76,95 ұпай жинаған.

Фото: almaty2017.com
Сонымен қатар, ерлер арасындағы 10 километр спринтте биатлоншымыз Роман Еремин «қола» жүлдеге ие болды. Оның нәтижелік көрсеткіші – 27 минут 24,6 секунд. Алғашқы екі орынды иеленген ресейлік спортшылар Семен Сучилов (27:02,3) пен Дмитрий Иванов (27:24,1).
Сонымен, Қазақстан қоржынында 6 қола, 2 күміс және 5 алтын медаль бар.
“The Qazaq Times”