Астана қаласында «Алаш жолы» қозғалысының белсенділері Айдын Егеубаев, Раушан Қалмомынұлы және Қайырлы Омар қамауға алынды.

Осыған байланысты біз «Алаш жолы» қозғалысының мүшесі, азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлының пікірін білген едік. Ол мәселенің мән-жайын төмендегідей тарқатты:

«Бүгін біз таңғы сағат тоғыздар шамасында Астана әкімшілігіне жер мәселесіне байланысты 2018 жылдың 21 мамырында бейбіт митинг өткізуге рұқсат беру туралы өтініш хатымызды тапсырдық. Хатты қабылдап алды. Талонын алдық. Енді он күн ішінде олар рұқсат беретінін немесе бермейтінін айтып бізге жауап беруі тиіс. Бұның ДВК партиясының митингілеріне қатысы жоқ. Біз Еуропарламент депутаттарына хат тапсырайық деп едік. «Алаш жолы» қоғамдық бірлестік ретінде заңсыз жабылды. Оның мүшелері Айдын Егеубаев, Раушан Қалмомынұлы, Қайырлы Омаров, мен және өзге де азаматтар ұдайы қысым көріп келе жатырмыз. Біздің Конституциялық құқықтарымыз ұдайы бұзылып келеді. Сол туралы біз хат жазып, сол хатты Еуропарламент депуттатарының қолына ұстатамыз ба деген үмітіміз болып еді. Олармен кездесу үшін Еуропарламенттің Астанадағы офисына баруға талпынған Айдын да, Раушан да, Қайырлы да ол жерге жете алған жоқ. Раушан Қалмомынұлын Астана қаласының әкімдігінің алдынан алып кетті. Қайырлы Омаровты көшеде кетіп бара жатқан жерінен күш көрсетіп алып кетті. Айдын Егеубаевқа Еуропарламенттің офисына жетпей тұрып күш көрсетіп, қолын сындырды. Айдынның қайда екенін қазір біле алмай отырмыз. Оны емханаға алып кетті ме, жоқ әлде ДВД-ның ішінде отыр ма белгісіз. Қайырлы сол ДВД-ның ішінде отыр. Ал Раушан қазір босатылды».

Естеріңізге салайық, бүгін Алматы және Астана қалаларында (Қазақстан аумағында экстремистік ұйым деп танылған) ДВК партиясының митингілері өтуде. Митингке жиналған азаматтар саяси тұтқындарды босатуды талап етуде.

“The Qazaq Times”